Пенденің әр ісі ниетіне байланысты. Қандайда істе адам шынайы ықыласпен ниет етіп бастаса, оның ісінде береке болады. Біздің ата-бабаларымыз «Ықылас пен ынтымақ, Бітер іске болсын тап» деп айтып кеткен. Кіршіксіз таза тура жол, көңілдігін пәктігін, жүректің тазалығын білдіреді. Ол үшін міндетті түрде күндіз түні намаз оқып немесе Құран оқып отыр демейміз. Ол үшін адам өзінің мінезін көркем етуге тырысса болғаны. Сона көркем мінезді болуға ықылас танытып, ниет еткені үшін Алла Тағала оның мінезін көркем, жүрегін таза, амалын адал етіп қояды. Алла Тағала Мәриям с.ресінің 51-аятында: «Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Шындығында, ол - ықыласты етілген, елші әрі пайғамбар еді» десе, хазірет Жүсіп жайлы Юсуф сүресінің 24-ші аятында «Күмәнсіз, ол - ықылас табыс етілген құлдарымыздан еді», - деп сипаттайды. Бұдан түсінеріміз, Алла Тағала пайғамбарларын бізге үлгі ретінде жібергендігі. олардың қай-қайсысының да ықыласты құл екенін айтады. Олардың күллі игі амалы мен ниетінде терең ықылас жатыр. Олар пайғамбарлық міндетін атқару барысында бүкіл қиындықтарға мойымай қарсы тұра білді және ізгілікті дәріптеп, жақсылыққа шақыру ісінде ешкімнен де ақы талап етпеді.
Бізге жеткен көптеген хадистер бар, және бірнеше ғибратты оқиғалар да бар. Солардың бірі
Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ ертеректе жолаушылап шыққан үш кісінің уақиғасын баяндайды. Әлгі үш жолаушы түнейтін жер таппаған соң бір үңгірге кіріп, демалып жатқанда таудан үлкен тас түсіп, үңгірдің аузы жабылып қалады. Сонда олар өздерінің жалғыз Алланың разылығы үшін жасаған амалдарын айтып, Аллаға жалбарынғанда үңгірдің тас құлаған аузы ашылып құтылады.
Сонда үш жолаушының бірі: «Уа, Алла Тағала! Менің жасы келген кәрі әке-шешем бар еді. Таң атысымен ата-анамның жағдайын жасамай тұрып, бала-шағама көңіл аудармайтынмын. Бірақ бір күні шаруамен жүріп үйге келсем, астарын ішпей ұйықтап қалған екен. Мен әдеттегідей екеуіне сүт сауып дайындадым. Екеуінің шырт ұйқыда жатқанын көріп, олардан бұрын бала-шағамды тамақтандыруды дұрыс көрмедім. Сөйтім таң атқанша олардың оянғанын күтіп, таң атқанда олардың сүттерін бердім. Я, Алла! Мен сол істі тек қана Сенің разылығың үшін шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас кішкене ғана орнынан қозғалды.
Екіншісі: «Уа, Алла! Менің қолымда туысымның қызы тұрды. Мен оны қатты ұнатқандықтан маған жаман ой келді. Бірақ мен ойымды іске асыра алмадым, ол қашып кетті. Арадан көп жылдар өткен соң ашаршылық заман болды. Сонда әлгі қыз күн көре алмай маған келді. Менің ақша беріп, оңаша қал деген ұсынысымды қабыл алды. Мен енді ғана жақындай бергенімде, ол: «Мен саған арымды арам жолмен таптауға ризалығымды бермеймін», – деп қарсылық білдірді. Оның осы сөзінен кейін мен оған қатты ынтық болып тұрсамда арам ісімнен бас тарттым. Оған берген алтынымды да кері алмадым. Уа, Алла! Егер мен сол істі Сенің разылығың үшін ғана шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас тағы да орнынан аз ғана қозғалып ашыла бастады.
Үшіншісі: «Уа, Алла! Мен бір жылдары жалшы жалдап, жұмыс істеткен едім. Барлығына өз еңбектерін төледім. Бірақ біреуі өз еңбегін алмай кетіп қалған болатын. Сөйтіп жылдар өткен сайын сақтап қойған оның сыбағасы өсе берді. Арадан жылдар өткен соң маған келіп: «Менің жалақымды берсеңіз», – деп сұрады. Мен оған: «Мынау көріп тұрған түйе, сыйыр, қой – бәрі сенің жалақыңнан көбейген малың. Бәрі сенікі, тіпті малдарды бағып жүрген қызметшілер де сенікі», – дедім. Сонда ол: «Мені мазақ қылып тұрсыз ба?», – деп сенімсіздік білдірді. «Жоқ мен сені мазақ қылып тұрғаным жоқ», – дедім де бар мал-мүлкін алдына салып бердім. Уа, Алла! Мен сол істі Сен үшін, шын ықыласпен істеген болсам, мына үңгірден бізді құтқар», – деді. Сонда тас түгелдей ашылып, олар үңгірден шықты»
Міне, бұл қиссадан ұғарымыз адам баласының кез келген ісі шын ықыласпен, риясыз көңілден Алла Тағаланың разылығы үшін орындалатын болса, тіпті бұл дүниенің өзінде таршылықтан, қиыншылықтан құтылуға септігі тиеді. Ықыласты құлдарды шайтан оңайшылықпен құрығына түсіре алмайды. Себебі, оларды Алла өзі қорғауына алып, жаңылыс қадам басуына жол бермейді. Ықылас пен шынайылықтың белгісі - ақиқаты анық, дұрыс деп қабылдау, қателессе мойымай, дұшпандардың қысастығы мен қытымырлығына, өсек-аяң, бәле-жалаға қарамастан мақсат еткен бағытынан таймау.
Дәретсіз намаздың болмайтыны секілді, ықылассыз құлшылық та болмайды. Сондықтан бұл өмірде тек қана Алла бізді ықыласты құлдарынан қылсын! Жасаған құлшылықтарымыз бен жақсылықтарымызды тек қана Жаратушымыз әмір еткендігі үшін орындап, басқа мақсатты көздемеуіміз керек. Негізінде Алла разы болған құлының жолын ашады. Басқаларға да мойындатқызады. Пайғамбарымыз бен сахабалар, салиқалы Алла достарының нұрлы ғұмырлары бұған куә. ендеше құлшылық пен ғибадатты ықыласты болайық.
ihsan.kz
Пікірлер