Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құдайға лайықты ғибадат қылу үшін қайрат керек
15 сәуір, 2021 жыл 269 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Қазіргі мұсылмандардың өмірі бұрынғы адамдардың өмірінен өзгеше. Әрине, рухани тұрғыдан алғанда, адамның өмірі мен жаны өзгермейді, алайда материалдық әлем күн санап өзгеріске ұшырап, адамның қоршаған ортасына үлкен әсерін тигізуде.

Адамдардың өмірі барған сайын ыңғайлы болуда, бүгінде адамзатты көліксіз, лифттерсіз, телефондарсыз, ғаламторсыз және т.б. елестету мүмкін емес. Мұның бәрі сөзсіз жақсы, бірақ ыңғайлылық және жайлылықпен бірге жалқаулық, еріншектік, шамадан тыс өзіне деген сенімділік сезімі және басқа да жағымсыз қасиеттер пайда болуы мүмкін.

Айналадағылардың бәрі жеңіл болған кезде, адамдар еңбекқорлықты, күш-жігерді ұмытып, демалуға және көңіл көтеруге көп уақыт пен күш жұмсай бастайды, бір нәрсеге көңіл аудару қабілетін жоғалтады. Әдетте, тым көп демалып, көңіл көтеретіндер, моральдық және рухани тұрғыдан құлдырауға ұшырап, қоршаған әлемнің шындығын және Алланы ұмыта бастайды. Хайуанаттар бағындағы жан-жануарлар көп жағдайда табиғи ортаға қайта бейімделе алмайды. Адамның жануардан ерекшелігі – денесі мен рухының өмірдің күтпеген сынақтарына әрдайым дайын болуы үшін, өз-өзінен есеп алып, тәубеге келіп отыруы тиіс.

Қасиетті Құранда:

«Ендеше босай қалсаң және тырыс. Раббыңа ғана бел байла» [1], деп айтылады.

Яғни, мұсылман адам қол жеткен нәрсемен тоқтап қалмай, құлшыныс танытып, қайратты болуы керек. Осы жердегі қайраттылық – адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі.

Аллаға құлшылық ету туралы сөз болғанда, Оның қажеттіліктерінің жоқ екендігін және Оның бізге мұқтаж емес екендігін түсінгеніміз жөн. Алланың еркіне бағыну және Оның жолында қайраттылық таныту арқылы біз өз игілігімізге ықпал етеміз, ал жамандықтан бас тарта алмаған кезде өзімізге зиян келтіреміз.

Көптеген аяттар мен хадистерде құлшылықта, жұмыста, білім іздеуде, Алланың жолында ерекше ыждаһаттылықтың, қажымас қайраттың маңызы туралы көп айтылады.

Десе де, тек қана қайратпен көп нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының он жетінші қара сөзінде бұл мәселе төңірегінде былай деп жазады:

«Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?», депті.

Сол кезде ғылым:

Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, деп түсіндірген екен» [2].

Сондай-ақ, Абай «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», деп нақтылай түседі. Демек, кез-келген адам бойындағы ізгі қасиеттерінің арасында да тепе-теңдікті ұстануы керек. Күшім тасып тұр деп кеудесін ұра бермей, ақылға салып, жүрегінің әмірін тыңдап, күш-жігерін, қайратын Алланың әмірін орындауға, сондай-ақ орынды әрі мақсатты ізгі істерге жұмсағаны дұрыс деп есептейміз. 

Алла Тағала баршамызға қажымас қайрат берсін! Әмин!

Естай Айтуғанұлы,

Теміртау қаласының «Әлихан Бөкейхан»

атындағы орталық мешітінің бас имамы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Инширах» сүресі, 7-8 аяттар.
  2. Абай Құнанбайұлы. Қара сөздер.
ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары