Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла жігерімізді жасытпасын
15 сәуір, 2021 жыл 80 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Жігерлі болса ер болар,

Бірлікті болса ел болар.

       Жамбыл

 

Біз қарқынды даму мен түрлі өзгерістер заманында сүріп жатырмыз. Күнделікті күйбең тіршілік, жеке өмір, отбасы, әлеуметтік орта және жалпы қоғам – осылардың бәрі сынақтарға толы алаң. Бұдан бөлек, әлемнің өзге бір нүктесінде немесе жақын жерде болып жатқан оқиғалар әлсіз, дайын емес адам үшін үлкен соққы болуы мүмкін. Сол себепті қандай да бір сынаққа, ауыртпалыққа тап болсақ та, әрқашан аяғымызда берік тұру үшін жігерімізді күшейтуіміз керек.Жігер дегеніміз – бұл адамның саналы түрде алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін сыртқы және ішкі кедергілерді еңсере отырып, әрекет ету қабілеті.

Құранда адамды жігерлендіре түсетін, өмірдегі түрлі қиыншылықтарға тап болған кезде қуат алатын қиссалар барын білеміз. Солардың бірі Юсуф (ғ.с.) қиссасы. Юсуф пайғамбар (ғ.с.) көптеген қиыншылықтар көреді. Өзінің туған бауырлары оған қастық жасап, көре алмаушылықпен ессіз далаға тастап кетеді. Сусыз құдықта қалады. Әкесі хабарсыз, басқа ешкім оған көмектесе алмайтын кезде, ол Алладан күдерін, үмітін үзген жоқ. Патшаның сарайында құл болып жүрген кезде жала жабылып қапасқа түсті. Бірнеше жылдар түрмеде отырды. Барлық қиыншылықтарды тек қана өзін жаратқан Иесінен ғана медет сұрап, жалбарынды. Нәтижесінде, құл боп барған елдің сұлтанына айналды. Бауырлары да оған құрмет етіп, құзырына келді. Бұндай өнегелі оқиғалар өзге де пайғамбарлардың, әсіресе «улул азм» пайғамбарларының өмірінде көптеп кездеседі. Улул-азм – Алла жолында ерекше сабырлық және табандылық танытқан пайғамбарлар. Оларға: ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Нұх (ғ.с.), Ибраһим (ғ.с.), Мұса (ғ.с.) және Иса (ғ.с.) пайғамбарлар жатады.

Негізінде барлық пайғамбарлар Құдайдың бұйрығын орындау кезінде қанша қиындық көрсе де жасымай, бойларындағы табандылық, жігерлілік, кішіпейілділік және өзге де ізгі қасиеттердің арқасында өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған. Біз, мұсылмандар пайғамбарлар өмірінен үлкен ғибрат алуымыз керек.

Адамның мақсатқа жетуіне кедергі келтіретін ең маңызды кемшілігі – әлсіз ерік. Өмірде кез-келген мақсатқа жету үшін күшті ерік пен жігер қажет. Бұл қабілеттерсіз адам ештеңеге қол жеткізе алмайды. Десе де, бір нәрсеге жету үшін еріктің өзі жеткіліксіз. Біздің жігеріміз мықты болу үшін бізге берік сенім аса қажет.    

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен атақты хадисте былай деп айтылады: «Алла елшісі (с.ғ.с.): Алланың алдында әлсіз мүмінге қарағанда күшті мүмін әлдеқайда жақсы әрі ұнамды. Десе де (иманды болғандықтан) екеуі де қайырлы. Әрдайым өзіңе пайдалы істің соңында бол. Алладан ғана медет тілеп, әлсіздікке бой алдырма. Басыңа күн туса, «егер былай істесем, былай болар еді», деме. Керісінше, «бұл Алланың жазғаны, Соның қалағаны болады», деп айт. Өйткені, «егер» деген сөз шайтанның азғыруына жол ашады, деп айтты» (Мүслім риуаяты).

Ислам діні ғылым, білім үйренуді, адал жолмен күн көру мақсатында жұмыс істеп, еңбектенуді, табыс табуды құлшылық деп санайды. Екі дүние арасында тепе-теңдікті ұстануды бұйырады. Еңбексүйгіштік арқылы тағы бір басты құндылық – сабырлыққа үндейді. Сабырлық дегеніміз адам жігерлігінің көрсеткіші.

Ерте кезде бір ғұламадан «үлкен білімге қалай қол жеткіздіңіз» деп сұрағанда, «Ерте тұру, өте кішіпейілді, қарапайым болу және қуатты күш-жігер сарп ету, сондай-ақ сабыр ету арқылы» деп жауап берген.

Қорыта келе, адам ерік-жігерінің арқасында алдына мақсат қояды, жақсы ақыл, саналы түйсік алға қойған мақсаттың орындалуына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, адамдар әрдайым жақсылық жасай жүріп, жақсылыққа кездеседі. Әрдайым жамандық жасаған кісі жамандықпен ұшырасады. Білгір, білімдар адам, қабілеттілігімен жеке мәселелерде түйсік құндылықтарына және ізгілікке сүйенеді [1] деп айтқымыз келеді.

Алла Тағала жігерімізді жасытпай, табандылығымызды арттырсын деп тілейік! Әмин!

Естай Айтуғанұлы,

Теміртау қаласының «Әлихан Бөкейхан»

атындағы орталық мешітінің бас имамы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ершат Оңғаров, Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары. – Алматы: Баспалар үйі. 2014. – 352 бет.

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары