Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Туысқандық қарым – қатынас
11 наурыз, 2014 жыл 218 Басып шығару нұсқасы

Туысқандық қарым – қатынасҚазіргі таңда қоғамымызда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған кей адамдардың арасындағы туысқандық қарым – қатынас үзіліп, тіпті өзара дауласып жатқан, бауыр еті бір ағайын – туысқандарды кезіктіреміз. Ендеше, бүгінгі мақаламызда туысқандық қатынастың қаншалықты маңыздылығы мен киелілігіне, сонымен қатар, шайтанның және нәпсіміздің кесірінен бұл киелі байланысты үзудің жазасы осы өмірде берілетін ауыр күнә екендігіне тоқталуды жөн санадық. Біле білсек, жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде тума-туысқандарымен жақсы қарым-қатынаста болған мүміндерді мадақтап: «Олар Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер»- деп дәріптеген. («Рағыд» сүресі, 20-21 - аяттар)
Майқы би бабамыз айтқандай: «Ауыр жүкті бөлісу – ақ атанның парызы», - демекші, аса қамқор ерекше мейірімді Раббымыз да ағайын-туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қалталары жұқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол үшін беруді Құран Кәрімде бұйырып: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», - деп ескерткен. («Нахыл» сүресі, 90-аят). Сол секілді Алла тағала Өзінің қасиетті Кітабында пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «(Мұхаммед с.ғ.с.), Олар сенен Алла жолында не беретіндерін сұрайды. Оларға: «Қайыр істе болсаңдар, әке-шеше, туыс-жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі»,- деп айт»-деген. («Бақара» сүресі, 215-аят).
Осы тәрізді аяттарға құлақ асқан дана халқымыз: «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір» деп ұл-қыздарына ақыл айтып отырған. Сонымен қатар, ағайын-туыстармен араласып, хабарласып, қажеттілік туындағанда жәрдем беру арқылы туысқандар арасында сүйіспеншілік пен ризық-несібемізді молайтып, өмірімізді ұзартып, өзімізге-өзіміз үлкен пайда келтіретіндігіміз жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадисінде сүйіншілеп хабарлаған. Әнас ибн Мәлік (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізді:
«Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін (Бұхари, Мүслім). Сондай-ақ , Әбу һурайрадан жеткен хадисте (р.а.) Алла елшісі (с.ғ.с.) «Расында туысқандық қарым-қатынас – отбасындағы махаббат, мал дүниенің көбеюі, өмірдің ұзаруы» (Ат-Тирмизи),-деген. Сол сияқты, туысқандық байланыста болу – Аллаға және қиямет күніне иман келтіруіміздің белгісінен».
Данагөй ата-бабамыз ағайын-туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп», «Ағайын жақсы болса-қанатың, ағайын жақсы болса - санатың»,
«Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді», - деп туысқандық байланыстың маңыздылығы мен парқын жете түсінген, «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», - деп те ескерткен.
Өкінішке орай, Құранмен, сүннетпен жүрміз деп жүрген кейбір жастарымыз жоғарыдағы Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне қарама-қайшы әрекет етуде. Дәлірек айтсақ, өздерінің діннен хабарсыз жүрген тума-туысқандарына дінді көркем, әдемі етіп жеткізудің орнына, оларға «кәпірсің» деп айып тағып, әке-шешелерінің шаңырақтарынан кетіп, ағайындарымен туысқандық қатынасты үзушілер де кездеседі. Бұл Ислам құндылықтарына қайшы нәрсе. Егер біз туған-туыстың арасында бір кемшілік көретін болсақ, оған айып тағудың орнына имандылықты жеткізіп, істеген кемшілігінің дұрыс еместігін жақсы сөз және көркем мінез-құлықпен жеткізуіміз керек. Себебі, әке-шешеге құрмет көрсету мен туыстық қарым-қатынасты үзбеудің дінімізде маңызы зор.
Жоғарыда айтылған аят-хадистерден туысқандық қарым-қатынастың маңыздылығы мен киелілігін естігеннен соң, әркім өзіне: «Туысқандармен қатынасым қандай деңгейде?»,-деп сұрақ қойып, ойланғаны жөн. Бабаларымыз: «Ағайынмен жауласпа-басың азаяды, Көршіңмен дауласпа-асың азаяды»,-деген. Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазіретіміз дін мен дәстүр сабақтастығын алға тартып, ата салтымызды ардақтауды жолға қойды. Олай болса, жоғарыда келтірілген халқымыздың даналық сөздерін жадымызда жаңғыртып, ұрпақтар санасына тәрбие етіп қалыптастырайық!


Дайындаған: №1мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары