Өкіл имам PhD докторды құттықтады

Бүгін-қасиетті жұма күні  өкіл имам Жолдас Қоспақұлы жамағат алдында  Павлодар облысы имамдарының ортасынан алғаш рет Исламтану ілімі бойынша PhD доктор болған қалалық «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Қайырбеков Нұрлан Евфратұлын ғылымдағы табысы үшін құттықтап, өз дәстүріміз бойынша иығына шапан жапты.

PhD доктор Нұрлан Евфратұлына жуырда ғана ҚР Білім және ғылым министрлігінің бақылау Комитетінен ғылыми атақтың  өз дәрежесінде қорғалғандығын нақтылаған шешім шыққан еді.

Ол «Нұр-Мүбарак» университеті қарамағында ашылған дінтану бойынша диссертациялық кеңесте қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ислам ғұламала жайлы, яғни «Орталық Азиядағы мұсылман құқығы тарихында Мухаммад ибн Ахмад ал-Исфиджабидің (591/1196ж.) орны мен маңыздылығы(оның «Зад ал-фуқаха’» еңбегі негізінде)» атты зерттеуін өте сәтті қорғап шыққан болатын.

«Орыс тілінде қорғаған әріптесіміз Нұрлан Қайырбеков  бірнеше жыл бойы шетелдік кітапханалар мен қолжазба қорларын аралап, зерттеуге тиісті деген құлпытастарды зерделеп, нәтижесінде  тарихи ғұламаға қатысты ғылыми деректерді айқындады. Сондықтан да жерлесіміз Нұрлан Евфратұлының еңбегі жалпы ортағасырлық ғалымдардың артында қалдырған мұраларын түгендеуінде ғана емес, нағыз рухани жаңғыруға өзек болатын ғылыми бағдаршам болатын жәдігерімізді өндірістік айналымға кіргізе алуында деп білеміз»,-деді өкіл имам Жолдас Қоспақұлы өз сөзінде.

Mazhab.kz  порталы да Нұрлан Евфратұлына:

«Алла Тағала  Cізге разы болсын!  Сіздің қажырлы еңбегіңіз бен дін ғылымына қосқан үлесіңіз үшін  облысымыздың бүкіл мұсылмандары атынан алғысымызды білдіреміз. Сізге және отбасыңызға әрдайым Жаратқанның нұры жауып, шаңырақтарыңыз шаттық пен қуанышқа толсын!»,-деген ізгі тілегін білдіреді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін