БАС ИМАМ АТЫРАУЛЫҚ ҚАЖЫЛАРҒА СӘТ-САПАР ТІЛЕДІ

Cәренбінің сәтті күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мұнайлы өлкедегі өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қасиетті қажылық сапарға аттанып бара жатқан Атыраулық жамағатпен арнайы жүздесіп, қасиетті мекенге басқалы жатқан қадамдарына сәттілік тіледі. 

Қасиетті сапарды сүннетке сай өтеп келуге ниеттестігін білдірген өкіл имам Батыржан Берденұлы мұсылман қауымға парыз болған қажылықтың маңызы туралы айтып өтті. "Қажылық - ислам дiндегі бес негiздiң соңғысы. Қажылық жасау – мұсылманның парызы. Шариғат бойынша кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана парызын өтей алады. Оның парыздығы қасиеттi Құранда: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» («Әли-Имран» сүресi, 97 аят), - деп ұқтырылса, хадис шарифте: "Ислам бес негiзге құрылған: Алла Тағаладан басқа Тәңiр жоқ және Мұхаммед оның Елшiсi (с.ғ.с) деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Қажылыққа бару делiнген", - деп атап айтты өкіл имам.

Айта кетелік, орталық "Иманғали" мешітінде қажыларға сәт сапар тілеп, құрмет көрсетіп, дастархан жаю жылдағы дәстүрге айналған. Биылғы қажылыққа ниет еткен кісілер үшін жайылған дастарханға қажылық міндетін бұрын-соңды атқарған кісілер де қатысып, жерлестеріне құтты қадам тілесті. Ақ тілектер айтылған ізгі шарада қасиетті сапарға аттанушылар үшін Бас имам батасын беріп, аман барып, есен келулері үшін дұға жасады.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін