Вице-министр Нұр-Мүбарак университетін жаңа проректормен арнайы таныстырды

Бүгін  ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын мырза Нұр-Мүбарак университетіне арнайы ат басын тіреді. Вице-министр  Каир қаласында өткен Қамқорлар кеңесінің шешіміне сай, ұжымға белгілі ғалым, PhD, доцент Қайрат Құрманбаевтың проректорлық кызметке тағайындалуын ресми түрде таныстырды. Бұл тағайындаудың қажетіліктері мен таңдау ерекшеліктеріне тоқталып, Қайрат Қалмырзаұлына артылар сенімнің зор екенін білдіріп, құттықтау лебізбен бірге сәттілік тіледі. 

Сондай-ақ, университет тарихында ғана емес, еліміздегі ислам ғылымы, дін мамандарын даярлаудағы  профессор Шамшәдин Керім мырзаның 17 жылдық ерен еңбегіне тоқталып, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаевтың Алғыс хатын табыстап, құрметпен шапан жапты. Алқалы жұрттың алғысына бөленген ғалым Шамшәдин Тұрсынұлы:

Елімізде алғаш ашылған ислами жоғары оқу ордасының алғашқы сәтінен бастап оның қалыптасу, даму жолында 17 жыл қызмет ету – тағдырыма бұйырған бақыт деп есептеймін. Қамқорлар кеңесінің шешімі өз ортамыздан жас ғалым Қайрат Құрманбаевқа дұрыс таңдау жасады деп сенеміз. Енді университет ұжымы жаңа басшының жанына жұдырықтай жұмылып елге, дінге қызмет етуіне тілектеспін, - деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Вице-министр Берік Арын: «Нұр-Мүбарак университеті тек Орта Азия ғана емес Азиядағы беделді оқу орнына айналады деген сеніміміз зор. Сіздермен бірлесе отырып, университеттің нақты 5 жылға арналған даму  стратегиясын бекіту керек деп есептейміз. Діни білім беруді арттырып, еліміздегі жат ағымдар мен деструктивті топтарға тосқауыл қоя аламыз. Біздің министрлік білікті ұлттық діни кадрлар даярлауға мүдделі мемлекеттік орын ретінде сіздермен тығыз жұмыс істеуге және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - деді вице-министр.

Жаңа проректор, доцент Қайрат Құрманбаев:

Мен үшін осындай сенімге ие болу – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапты қызметті сеніп тапсырып отырған ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мырзаларға зор алғысымды білдіремін. Қазіргі жаһандану кезеңінде қоғамның дамуына қажыр-қайратымызды жұмсап еңбек етуге біз дайынбыз, - деді.

Ал ұжым атынан филос.ғ.к., доцент Базар Хамзеева ханым:

Осы кезге дейін ұжымды айрандай ұйытып келген профессор Шамшәдин Тұрсынұлына алғысымыз шексіз,- деп қазақы дәстүірмізге сай естелік сыйкәде табыс етті.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін