Сириядағы қазақстандықтарды қайтару мәселесі қалай қаралып жатыр

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді ҚР Парламенті Мәжілісінің кулуарында Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтару мәселесі қалай қаралып жатқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сирия мен Ирактағы азаматтарымыз бен олардың балаларының орналасқан жерін анықтап жатырмыз. Оларды қайтару мәселесі қаралып жатыр. Иорданиядағы елшілігіміз бен Ливандағы бас консулдық азаматтарымызды іздеумен айналысып жатыр. Бұдан бөлек сол жақта жүрген отандастарымыздың ата-аналарымен де байланыстамыз. Сол себепті бұл мәселемен СІМ ғана емес, арнайы қызметтер, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ТЖК де айналысып жатыр», - деді.

Ол азаматтарды елге қайтару мүмкін болса болса оларды әкелуге ұшақ берілетінін атап өтті.

«Сирия мен Ирактағы азаматтарды сол жақтағы билік террористік қызметке қатыстылығын анықтау мақсатында арнайы тексерістен өткізіп жатыр. Отандастарымыздың кінәсіздігі анықталған соң Қазақстан тарапына берілетін болады. Олардың арасында балалы әйелдер де бар. Оларды террористік істерге қатысы бар демейміз. Ал балаларды елге алып келу үшін әкесінің немесе анасының келісімі қажет», - деді Тілеуберді.

Оның айтуынша, балаларды қайтару мүмкін болғанымен ата-анасы арнайы тексеріс аяқталғанға дейін сол жерде болады.

«Бізге жүгінген олардың әжелері балаларының (террористік іске - авт.) қатысы барын мойындайды. Соған сәйкес олар немерелеріне қатысты ата-ана құқығынан айыру туралы мәселе көтере алады», - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін