Павлодарда қазақ тілін үйрететін теңдесі жоқ мобильдік қосымша іске қосылды

Павлодардағы "Ана тілі" орталығы қазақ тілін үйрететін латын әліпбиіндегі елімізде теңдесі жоқ мобильдік қосымша шығарды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

Аталмыш қосымша авторы орталық директоры Шолпан Кинжикова. Жобаны әзірлеуге автордың жеке қаражаты жұмсалғаны себепті, қосымшаны Play Market немесе App Store-дан жүктеу ақылы. Бағасы – екі мың теңге. Алайда, барлық жаңартулар мен техникалық қолдау тегін.

"Командамызбен бірге қосымшаны әзірлеуге бір жыл уақыт кетті. Бұл менің жеке меншігім болып тіркелді. Қаржы жағынан ұлым көмектесті. Қаңтардың 15-іне қарай қосымшаға "Кері байланыс" функциясын енгіземіз. Айына бір-екі рет тапсырмаларды қосып отырамыз", - деді Шолпан Кинжикова. 

Шолпан Кинжикованың айтуынша, қосымшаны шығарудан бұрын нарықтық зерттеулер жүргізілген.

"Нарықта қандай жаңалықтар бар, біздің қосымшамыз солардан артық болсын деп іздендік. Мысалы, жобада қамтылған "Флеш-тренинг", "Аудио-stories" секілді функциялар ешбір тілдік қосымшаларда жоқ. Бастысы – латын қарпімен орындалған қазақ тіліндегі алғашқы мобильдік қосымша. Сол себепті, орталық қызметкерлерімен бірге осындай тың дүние жасай алғанымызға қуанамыз", - деп сөзін жалғады "Ана тілі" орталығының директоры.  

Қосымшаны Android және iOS операциялық жүйелерінде еркін жүктеп алуға болады. Бір апта ішінде қосымшаның демо-нұсқасын 158 адам жүктеп үлгерген.

"Ана тілі" орталығының директоры жоба Америкада техникалық тексерістен өтіп жатқанын айтады. Осы аптада "Қазпошта" АҚ-мен эквайринг ақы қабылдау жүйесін енгізу мәселесі шешілмек.

"Біздің мақсат – латын әліпбиін балалардан бастап, ересектерге үйрету. Адамдар латын қарпімен жазып, үйрене берсін. Егер латын әліпбиіне өзгеріс енгізілсе, қосымша да өзгере түседі. Бұл тегін болады әрі ешқандай қиындық туғызбайды", - деп сендірді Шолпан Кинжикова.
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін