Павлодар: Өкіл имам студенттермен кездесті

Жуырда Павлодар облысының өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы Нұр - Мубарак университетінде болып, жерлес студенттердің басын қосып кездесті. Кездесуге «Нұр Мүбаракта» оқып жатқан Павлодарлық жастар түгелдей жиналды. Өкіл имам олардың әрқайсысының жағдайы, оқу барысы, үлгерімімен жекелей танысып, өтініш-тілектерін тыңдап, оларға  ҚМДБ-ның Павлодар облысы өкілдігі тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулар, алдағы аманат-міндеттер туралы  айтты.

Жолдас Қоспақұлы:

«Университет түлектері тек имамдық салаға ғана емес, түзеу мекемелері, департамент, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері, ұлттық қауіпсіздік комитеттеріне сұраныс артуда. Ел арасындағы жат ағым жетегіндегілермен күресуде жоғары білімді мамандардың мерейі үстем түсуде.  Сондықтан ел руханияты үшін белсене іске кірісетін жас мамандар ауадай қажет»,- деді бас имам.

Осындай жағдайларды алға тартқан павлодарлық өкіл имам болашақ түлектерге өзінің туған өңіріне қызмет етуі қажет екендігін түсіндірді.

Осылайша  павлодарлық студенттердің басын біріктіріп, ел ішіндегі ахуалмен бөліскен бас имам   әлеуметтік қолдау жағын, болашақта оқу ақысына жәрдем беру мәселесін әлі де қарастыратынын жеткізді.  Студенттер арасында магистратуралық бағдарламамен оқуын жалғастыруды да көздейтіндер баршылық.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін