Амангелді Айталы ақсақалды Нұр-Мүбарак университеті Ақтөбеден арнайы шақырды

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде мемлекет дамуы мен ұлт мүддесі жолында жарғақ құлағы жастыққа тимеген халық қалаулыларының бірегейі Амангелді Айталы ақсақал арнайы қонақ болды. Нұр-Мүбарак университетінің басшылығы Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Амангелді Әбдірахманұлын аттай қалап арнайы шақырды. Құрметті қонақты алдымен университет ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди қабылдап, жақынырақ танысты. Ректор қабылдауынан кейін студенттермен кездескен Амангелді Айталы ақсақал әлемдегі дін мәселесіне қатысты жасаған зерттеулері мен талдауларынан көптеген пайдалы мағлұматтарды алға тартты:

"Ұлтсыз дін болмайды, ал дін – ұлттың тірегі. Сондай-ақ діннің демографияға ықпалды зор. Әлемнің 73 мемлекетінде дінтану міндетті пән ретінде оқытылса, бізде факультатив деңгейінде оқытылады. Кей елдерде діни пәндер жалпы оқудың 8-10 пайызын құраса, араб елдерінде 30-35 пайыз. Біз әлі де ислам дінінің әлеуетін қолдана алмай отырмыз",- деп ислам дініне қатысты орта мектептерде жүргізілген зерттеулер нәтижесіне талдау жасады.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым,  философия ғылымдарының докторы, ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, профессор Амангелді Айталы – Қазақстан Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, 100-ден аса ғылыми мақала, 5 монография авторы. 

Құнды сұхбат үшін тыңдаушылар да ризашылықтарын білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Университет проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев елағасына зор алғыс айтып, ұлттық дәстүрімізге сай шапан жауып, сыйкәде жасады. Елағасы да жастарға ақыл-кеңесімен бірге батасын берді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін