Атырау: "Пайғамбарға сағыныш" атты мәуліт шарасы өтті

Атырау облыстық орталық "Иманғали" мешітіне қарасты "Әжелер" мектебінің ұйымдастыруымен әйел жамағаттары арасында "Пайғамбарға сағыныш" атты тәлімді мәуліт шарасы өтті.

Өнегелі рухани кешке жиналған әйел жамағатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров арнайы құттықтап, Мәуліт мерекесінің ерекшелігі мен қадір-қасиетіне тоқталды.

Мəуліттің негізгі мақсаты – Алла Елшісінің өмірбаянын мұсылмандарға жеткізу, оған көп-көп салауат айту, өмірін өзімізге өнеге ете білу. Пайғамбарымыз бір хадисінде: "Нағыз сараң – жанында атым аталған кезде, маған салауат оқымаған" деген. Алла Елшісінің үмметі болғандықтан оған көп-көп салауат айтуымыз керек, - деп атап өтті бас имам Батыржан Берденұлы.

Рухани шара аясында ұстаз Хусейн Кая Құран оқып, кештің мазмұнын байыта түсті. Мәуліт кешінде ақ жаулықты аналарымыз сахнаға немерелерін алып шығып, тәрбие мәйегін сомдайтын көріністер қойды. Сонымен бірге, ислам діні тарихындағы алғашқы азаншы Біләл Хабашидің Мұхаммед Пайғамбарымызға деген сағынышын сомдаған бейне де баршаға ерекше әсер қалдырды. Шара аясында илләһи әндер орындалып, тағылым аларлықтай сұхбат өрбіді. 

Көпке тәлім берген аталмыш мәуліт шарасының соңында ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілдігінің атынан ұйымдастырушы топқа арнайы алғыс хаттар табысталды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін