АҚМОЛАЛЫҚ ИМАМДАР МҮФТИДІҢ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАДЫ

Көкшетау қаласындағы Науан хазірет орталық мешітіне жиналған Ақмола облысының аудан-қала имамдары жыл басындағы басқосуларын Дінбасының жаңа бастамасын қолдаумен бастады. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың барша дін қызметкерлеріне арнап айтқан «Өзгеруді өзіңнен баста!» ұран сөзі қоғамымызда да үлкен ой салғаны анық. Маңайымызға қарасақ, бүкіл жаһан өзгеріп жатыр, біз де өзгеруіміз керек. Асыл дініміздің тағылымын арттыру үшін мешіттердегі барша имамдар қауымы өзінің мінез келбетімен ерекшеленіп, жақсы сипатымен көрінсе, мұсылмандық сана да жақсы қырына өзгеретіні сөзсіз.

Ақмола облысының өкіл имамы Қуаныш Сәбит өз баяндамасында осы жайларға тереңірек тоқталды. Әр имам өз бойындағы кемшілікті түзеп, жақсылыққа бейімделуі керек. Өзін өзгерткен адам ортаның да өзгеруіне ықпал етеді. Қасиетті Құранда да кейбір қауымның өзін өзгертпейінше, өзгені өзгерте алмайтыны баса айтылады. Шыны керек, дін адамдарына елдің көзқарасы әрқилы екенін жасыра алмаймыз. Имани істің басы-қасында жүрген жандарға қолдау білдіретіндер қарасы да көп. Бірақ, «бір қарын майды бір құмалақпен» шірітетіндер де жоқ дей алмаймыз. Қазір имамға қарап, дінге баға берушілік басым. Сондықтан әр имам өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарағаны абзал.

Өкіл имам өз сөзін Мүфтияттан келетін тапсырмаларға да аударды. Әсіресе, жергілікті имамдарға көп міндеттер жүктеліп отырғанын еске салды. Өз кезегінде жыл басталғалы бері атқарылған іс-шараларды саралап, алда жүзеге асырар істердің жоспарын бекітті. Өңірлердегі діни насихат жұмыстары бірдей деп айта алмаймыз. Кемшін түскен жұмыстары үшін ескерту алғандар да бар. Бірақ, өз міндетіне мінсіз қараған имамның  жұмысы жақсы баға алатынын да байқадық. Мысалы, өңірлердегі жат ағымдармен күрес мәселесі ерекше назарға алынды. Уағыз-насихат жұмыстары да мешіттердегі намаздармен аяқталмайды. Шәкірт оқыту барысы да бұған әсерін тигізеді. Себебі, бүгінде барлық мешіттерде Құран сабақтары өтеді. Жиналғандар алдында Науан хазірет мешітінің наиб имамдары Қанат Алшымбаев, Мейіржан Рахматуллаұлы, бас есепші Ертай Қапаров, «Зекет» қорының өкілі Ерболат Шәріпов және жастар ісі секторының өкілі Дәулет Мүсіркеп өз салалары бойынша баяндамалар жасады. Осы шараға арнайы келіп қатысқан Ақмола облыстық дін істері басқармасының басшысы Болат Қасенов өңірдегі діни ахуал жөнінде хабарлама жасады. Өңірдегі барлық діни ұйымдардың басым бөлігін ислам діні филиалдары құрайды. Қазір Парламентте қаралып жақтқан дін қызметі туралы заң жобасына да шолу жасап, өз пікір ортаға салды.

Мемлекет пен діннің бөлектенетін ештеңесі жоқ. Ел мүддесі ортақ қызметке жұмылдырады. Бұған баршамыз бір кісідей атсалысуымыз қажет.

Басқосуды қорытындылаған ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қуаныш Сәбит әр деңгейдегі имамдарға тапсырмалар берді. Жыл басталды, енді жоспарлы жұмыс межелі биіктерге жетелейтінін де атап өтті. Ең бастысы, әр дін адамы өз ісіне шынайы құлшыныспен кіріссе, алынбайтын қамал жоқ екені баса айтылды.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін