Шу ауданы: Жағдайы төмен отбасыларға көмір және азық-түлік таратылды

Қайырымдылық адам бойындағы асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымдылық мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан әрбір жан иесі қайырымдылық істеріне араласып Алланың разылығын аңсаған халде бар ынтасымен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі дұрыстың дұрысы.

Шу аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы Аят қажы Дыбысұлының ұйытқы болуымен «Төле би» мешітінің жамағатының жастар арасында қайырыдылық қоры құрылған болатын. Аталмыш қор Мәуліт айының құрметіне ауданымызда тұратын мүмкіндігі шектеулі, мүгедек жандарға 20 қап ұн, 20 қап пияз, алпыс литр сұйық май, т.б. қажетті азық-түліктер  үлестірді.

Сонымен қатар, жағдайы төмен 50 отбасына 18 тонна көмір таратылды. Көмекке мұқтаж отбасыларын арнайы зиярат қылған аудан имамы Аят қажы Дыбысұлы қал-жағдай сұрасып, жоқшылыққа сабыр қылу жайында өсиет айтып, батасын беріп қайтты.

Аудан тұрғындары аудан имамы Аят қажы Дыбысұлына және топ мүшелеріне алғыстарын айтып, баталарын жаудырды. Осындай игі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін