Останкино және Эйфел мұнаралары жарықты өшірді

Мәскеу қаласының Останкино телемұнарасы мен Париждің әйгілі Эйфель мұнарасы Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы қос мешітте болған теракт құрбандары құрметіне жарықты өшірді, деп хабарлайды Islam.ru.

Останкино иллюминация жарығын сағат 00:00 — 01:00 аралығында өшіру туралы шешімді «Ресей телевизия және радио желісі» операторы қабылдаған.

Эйфель жарығы Париж билігінің шешімімен өшірілді. Франция астанасы мэрі Анн Идальго өзінің Твиттер парақшасында «теракт шабуылы құрбандарын еске алу үшін барлық париждік тұрғындар атынан мұнара жарығы өшірілетінін» жазған.

Қанды шабуыл Жаңа Зеландияда 15 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 13.45-те орын алды. Террористер Крайстчерч қаласындағы екі мешітке жұма намазы уақытында қарулы шабуыл жасады. Шабуыл кезінде мешітте жалпы саны 500-дей адам болды. Соңғы мәліметтер бойынша теракт салдарынан 50 адам қаза тапты, тағы осынша адам жарақат алған.

Арнайы операция барысында оқиғаға кінәлі деген күдікпен 4 адам қамауға алынды. Кейіннен полиция ұсталған төрт адамның үшеуінің қанды оқиғаға қатысы бар екенін анықтады.

© 2009-2020, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін