Маңғыстауда жаңа мешіттің іргетасы қаланды

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылында 16-шы наурыз күні жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Бұл қуанышты күнді он мың адамдық ауыл тұрғындары көптен күткен еді.

Жаңа мешіттің алғашқы іргетасын қалау рәсіміне Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Бейімбет Абдықадірұлы, Мұнайлы ауданының маслихат хатшысы Бердібек Ізетұлы, Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы Смайыл Сейтбеков және ауыл тұрғындары қатысты.

Мешіттің салынуына демеушілік жасап  отырған аудан тұрғыны, жеке кәсіпкер Хасниязов Жақсыкелдінің айтуынша бір уақытта 500 адам құлшылық ете алатын, заман талабына сай мешіт салу жоспарлануда.

Мешіттің алғашқы іргетасын ауыл ақсақалдары қалап, өкіл имам С.Сейтбековте жалғастырды. Дәулет ауылында жаңадан қолға алынған саябаққа  тал егіп, жастарға үлгі боларлық іс көрсетті.

Өкіл имам С.Сейтбеков «Кімде кім Алланың разылығын көздеп жер бетінде мешіт салса, Аллаһ Тағала оған жұмақтан бір үй салады» деген хадисті айта келе Құранда Алла Тағала былай деген:  «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткендер ғана салады», деп мешіт салудың үлкен сауап екенін жеткізді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін