Ақтөбе: Мешіт жамағаты номинациямен марапатталды

№6 Хромтау гимназиясында жыл сайынғы дәстүрлі үрдіске айналған Хромтау әуесқой футбол лигасының ақтық ойындары өтіп, жарыс жеңімпаздары анықталды. Үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған жарыстың жабылу салтанатына аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Хасанов және Хромтау балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ринад Ерғазин қатысты.

«Жастар» жылы аясында және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған футбол лигасы қаңтар айында өз бастауын алған болатын. Жарыста барлығы 15 команда жоғарғы және бірінші лигада бақтарын сынады. Олардың қатарында мешіт жамағаттарынан құралған «Нұр-1» және «Нұр-2» командалары ойнаған еді.

Жарыс қорытындысы бойынша жоғарғы лиганың чемпиондары болып «Али-Жас и К-2» командасы танылды. ІІ орынды «Жастар» шахтасының командасы иеленсе, ІІІ орынға СФК командасы ие болды.

Сондай-ақ, бірінші лигада Көктау ауылдық округінің командасы үздік атанды. ІІ орынға «Али-Жас и К-1» командасы тұрақтаса, «Факел» командасы ІІІ орынды иеленді.

Айта кету керек, «Нұр-2» командасының сапында өнер көрсеткен Алмат Байқадамов «Үздік қорғаушы» номинациясын жеңіп алып, арнайы мүсіншенің иегері атанды.

Жарыс жеңімпаздары арнайы кубокпен, медальдармен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін