Алматыдағы G38 ұйымының белсенді жастары Нұр-Мүбарак университетінде

«Жастар жылында біздің үлесіміз қандай болмақ?» деген сауал төңірегінде Алматы қаласындағы 38 жоғарғы оқу орын студенттерінің жетекші жастары  Нұр-Мүбарак университетінде бас қосты.

Алматы қаласындағы студент жастарға қатысты бүкіл іс-шараларды атқаратын жасампаз жастардың басын қосқан бұл ұйым – G38 деп аталады. Қала бойынша атқарылатын биылғы іс-жоспарларды талқылаған белсенді жастар Нұр-Мүбарак университетінде 10 сәуірде өтетін «Қоғам дамуындағы жастардың рөлі» атты халықаралық форум-конференцияға ат салысуға шақырды.

Нұр-Мүбарак университетінің өкілі Мақсат Байзақ халықаралық форумның ел дамуына жастардың қосар үлесін арттыруға, ұлттар ынтымақтастығын қалыптастыра отырып, мемлекет тұтастығына кепіл болатын жасампаз, толерантты жастарды тәрбиелеуге септігін тигізетін ізгі  бастама болатындығын атап өтті. Жастардың қажетін нақты бағдарлай алатын G38 ұйымының белсенділері халықаралық шараның жастарға берері мол екендігін айта отырып, форумның жоғарғы деңгейде өтуіне ат салысуға ниет білдірді. Дөңгелек стөл аясындағы ресми мәмілелер ары қарай ақ дастархан басында еркін әңгімемен жалғасып, жастар естелік суретке түсті.

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін