ҚАЗАДА ШАШЫЛУ ҚАЗАҚЫ САЛТ ПА, ӘЛДЕ ДІНИ ДӘСТҮР МЕ? (ВИДЕО)

«Өсек, өтірік, мақтаншақ. Еріншек, бекер мал шашпақ...» Хәкім Абай айтқан бес дұшпанның бірі – бекер мал шашу, ысырап жасау. Ойды ой қуады. Қазір біздің қоғамда бір даңғазалық пайда болды. Адамды ақыретке аттандырғанда жайылатын ас та төк дастарқанды көргенде қаралы қазаны торқалы тоймен шатастыратын күйге жеттік.

Кісі өліп, қайғыға батып жатқан кезде дастарқанға қазы-қарта, жеміс-жидектің түр-түрін самсатып қою қаншалықты дұрыс? Әрине, әркім қалтасының көтергеніне қарай қамданады.

Біздікі «байдың асын байғұс қызғаныптының» кері емес. Тек, қынжылатынымыз, осы даңғазалыққа ұрынып,  жағдайы көтермесе де, жанталасатындар көп. Сол баяғы «ел не дейді?» деп қаңқу сөзден қысылады. Одан байдың малы кеми қоймас, бірақ жарлының жағдайы не болмақ.?!

Құран Кәрімдегі Ағраф сүресінде «Ішіңдер, жеңдер бірақ, ысырап қылмаңдар» делінген. Ал, Мұхаммед пайғамбарымыз «Қалағаныңның барлығын жеу – харам ретінде жеткілікті» деп өсиет айтқан.

Біздегі имамдардың садақа асының арнайы мәзірін бекітуді қолға алғалы біраз болды. Әрине, ас беру сауап үшін істелетін шара болғандықтан, оның белгілі бір қағидасын бекіту де оңай болмас.  Бірақ, қазіргідей мейрамханаларда аста-төк ас беріп, қалған ас-ауқатты қоқысқа төгіп жатқандарды ешқандай сауаппен, садақамен ақтап ала алмасымыз ақиқат.

Жалпы, жерлеу рәсімінің жоралғылары қандай? Қазада шашылу қазақы салт па, әлде діни дәстүр ме? Жұрт ойы әр түрлі. Біреу «шүкір» десті. Біреу «күпір» десті. Шынар Асанқызы имамдармен пікірлесті.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін