БАС МҮФТИ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Бүгін Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бірқатар бас редакторлар және қоғам қайраткерлерімен кездесті.

Кездесуге белгілі қаламгерлер, бас редакторлар – Марат Тоқашбаев, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, сарапшылар, қоғам қайраткерлері – Дос Көшім, Айдос Сарым, Расул Жұмалы қатысты.

Әңгіме барысында сарапшылар діни ұстаным бойынша шектен шығу әрекеттерін болдырмау, қоғамды рухани тұрғыдан дамыту, діни ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік желілер мен БАҚ бетінде мүфтият ұстанымын жан-жақты жариялау, дәстүрлі Ислам құндылықтарын көбірек насихаттау, өңірлерде ақсақалдар институтын жетілдіру, қазақтың діни тұлғалары мен қайраткерлерінің өнегелі өмірі туралы еңбектер жазу, орталық телеарналардың бірінен рухани-танымдық бағдарлама ашу, «Асыл арна» телеарнасының мүмкіндігін барынша пайдалану, құдайы астардағы ысырапшылдыққа жол бермеу, жерлеу рәсімдеріндегі бірізділік, т.б. өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Кездесу соңында мүфтият жанынан қоғамдық негізде сарапшылар кеңесін немесе ақылдастар алқасын құрып, қазақ руханиятына қатысты нақты игі қадамдар жасау туралы ұйғарым жасалды.

Сарапшылар Бас мүфтидің діни саладағы бастамаларына қолдау білдіріп, ел игілігі үшін ынтымақтаса қызмет етуге уағдаласты.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін