Ақтөбе: ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚАҒИДАТЫ

2018 жылы Қазақстан Мұсылмандарының Діни басқармасы «Ислам және отбасы» жылы деп жариялаған болатын. Бұл акция аясында Ақтөбе өңіріндегі қала, аудан мешіттерінде көптеген игілікті іс-шаралар жүзеге асқаны белгілі. Естеріңізге салар болсақ, Хромтау ауданында мешіт атынан мүмкіндігі шектеулі балаларға 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Сондай-ақ, 100 жанұяға 1,7 тонна азық-түлік қоржындары таратылды.

Жәрдемге мұқтаж адамдарға көмек көрсету мақсатындағы игілікті істер биылғы жылы да Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінде жақсы жалғасын тауып келеді.

Наурыздың соңғы сенбісінде мешітте Қайырымдылық шарасы өтіп, әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға материалдық көмек берілді. ҚМДБ-ның Өкіл имамы, «Нұр-Ғасыр» мешітінің Бас имамы Төлеби Оспан Дәділұлы ақтөбелік 20 жанұяға азық-түлік қоржындарын өз қолымен табыстады.

«Абдуллаһ ибн Омар (оған Алла разы болсын) біреу Алла Елшісінен (ﷺ) былай сұрағанын хабарлайды: «Йә, Алла Елшісі, Аллаға қандай адамдар және қандай амалдар ең сүйкімді?». Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ең сүйкімді адамдар – басқаларға ең пайдалылары; ал Аллаға ең сүйікті амал – басқа мұсылманды бақытты ету, оның мұқтаждығын орындау, қарызын өтеу немесе тамақтандыру...», - деп жауап берген екен. Адал асымыз бен Аллаға шүкіріміз азаймағай!», - деді Төлеби Дәділұлы.

Орталық мешіттен азық-түлік көмегін алған аналар мешіт ұжымы мен жастарға ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.

 

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін