Жат дін жарылқамас

                            
Бүгін аудан орталығындағы Т. Жароков атындағы білім ордасының акт залында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастарды деструктивтік діни ағымдардан сақтандыру жолдары» тақырыбында аталмыш мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің студенттерінің қатысуымен тәрбиелік тағылымы мол шара оздырылды. Шараны аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы Мирас Нұржолұлы ашып, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ахмедияр Батырхановтарды таныстырып өтті. 


Кеш барысында Жанар Диясқызы жастар тәрбиесі, ислам дінінің шапағаты жөнінде әңгіме өрбітсе, Есенболат қажы Абдуғалиев жат діни ағымдардан сақтану және оның алдын алу бағытында кеңінен түсінік берді. Ахмедияр Қуанұлы ислам діні мен халқымыздың салт-дәстүрін тілге тиек ете келіп, Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Қасым Аманжолов сынды ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқып, тағылымға толы ой-пікірімен бөлісті. 


Студенттер мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға Жанар Диясқызы, Есенболат қажы Абдуғалиев тұщымды жауаптар қайтарып, ақыл-кеңестерін берді. 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін