АҚТӨБЕ: ДІН ЖӘНЕ ЖАСТАР

 

Жақында Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қандыағаш өнеркәсіптік- экономикалық колледжінде «Дін және жастар» тақырыбында аудандық "Нұртай" мешітінің Бас имамы Ерболат Жүсіповтің студент ер балалармен кездесуі өтті.

Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбөбек Ахметова кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, қазақ халқының салт-дәстүрінің маңыздылығын насихаттау және ғаламтордан төнетін қауіптен сақтанудың амалдарын түсіндіру екенін атап айтты.

Мұғалжар ауданының Бас имамы Ерболат Жүсіпов колледж оқушыларымен кездесу барысында, ең алдымен, ата-анамен, ұстазбен және қоғаммен байланыстың маңыздылығына және осы байланыстың берік болуының шарттарын тоқталды. Ол жастарға ата-анасы мен ұстаздарының айтқан ақыл-кеңестерін тыңдап, тиянақты білім алу парыз екенін және жақсы білім жарқын болашаққа бастайтынын түсіндірді. Өмірлік тәжірибесі толыспаған жас сананы ғаламтордағы қауіпті ақпараттан, түрлі жат ағымдардан қорғайтын бірден-бір иммунитет  – білім екендігін атап көрсетті. 

Жастар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, "Нұртай" мешітінің Бас имамы барлық сауалға жан-жақты жауап қайтарды. «Дін және жастар» тақырыбындағы тағылымды кездесуге қатысқан оқушылар колледж қонағына шынайы алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін