Ақтөбелік имамдардың сараптау аттестациясы өтуде

Бүгін, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінде облыс имамдарының сараптау аттестациясы басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы құрылған комиссиясы барлығы 104 ақтөбелік имамды аттестациядан өткізеді.

ҚМДБ-ның Төраға орынбасары, наиб мүфтиі Әділбаев Алау Шайқымұлы бастаған Комиссия құрамында: ҚМДБ-ның Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Есмағанбет Нұрбек Әуесханұлы, ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Шоқанов Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби Оспан Дәділұлы бар.

«Нұр-Ғасыр» мешітінің үлкен залында Комиссия мүшелерінің аттестациядан өтетін облыс имамдарымен жалпы кездесуі өтті. Аттестация барысында ҚР Конституциясы, Ислам тарихы, Фиқһ, ақида, ҚМДБ-ның басты 4 құжаты бойынша білімдері мен біліктілігі сараланып, баға берілмекші.

Одан әрі қарай 4 лекпен барлығы 104 имам сараптау аттестациясынан өтеді деп күтілуде. 

Сонымен қатар, комиссия мүшелері Алға ауданының Бестамақ ауылындағы қайырымдылық мекемесінің ғимаратымен танысады. Ал кешке ҚМДБ-ның Төраға орынбасары, наиб мүфтиі Әділбаев Алау Шайқымұлы ақтөбелік мешіт жамағатқа уағыз жүргізеді. Және "Жастар жылы" және "Ақтөбе қаласының 150 жылдығына" орай, «Нұр Ғасыр» мешітінің үлкен залында жас жамағат арасында «150 жылдыққа – 150 сұрақ» атты интеллектуалдық сайыс жоспарланған.

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін