ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің жамағатымен кездесіп, қасиетті Рамазан айы қарсаңында оразаға дайындық жайлы уағыз айтты.
«Рамазанға рухани әзірлік» тақырыбында уағыз айтқан наиб мүфти:
Рамазан – жыл сайын бір ай бойы есігін айқара ашатын Жаратқан Иеміздің тәрбиелік мектебі. Алланың құлдары бұл айда өздерін Хақ Тағалаға бойсұнуға және де күнәлардан тыйылуға жаттығады.
اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ
«Иә Аллам, біздерге Ережеп және Шағбан (айларында) берекет бер әрі біздерді Рамазанға (амандықта) жеткізе гөр», – деді наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазановтың ұйымдастыруымен, қасиетті Шағбан айының құрметіне жайылған ауызашар дастарханына 150-ге жуық жамағат жиналды. Шара соңында дастархан басына жиналған жамағатқа мешіт ақсақалдары ақ батасын берді.