Елорда мешіттерінің Рамазанға дайындығы пысықталды (ФОТО)

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Елорда өкілдігінің жалпы жиналысы болып өтті. Нұр-Cұлтан қаласындағы 10 құлшылық ордасының бас имамдары мен жауапты қызметкерлері, «Астана» медресе-колледжінің басшылығы мен өкілдіктің баспасөз хатшылары қатысқан басқосу барысында қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстары пысықталып, қала имамдарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қаладағы құлшылық ордаларының Рамазанға дайындық жұмыстарымен жекелей танысып, сауапты да жауапты мерзімге сақадай сай болуын тапсырды. Күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жалпы жоспар құрылып, жауапты қызметкерлер бекітілді. Тарауих намаздарының тәртібі мен қарилар дайындығы, ай бойы ұйымдастырылатын ауызашар дастархандарының әзірлігі пысықталып, қасиетті айда қайырымдылық шараларын да жандандыра түсуге шақырды. Халықтың оразаға деген ниетін оятып, ықыласын арттыра түсу мақсатында ақпараттық кітапшалар мен бүктемелер, ораза кестелерін әзірлеу тапсырылды.

Айта кетейік, қасиетті Рамазан айы биылғы жылы 6-мамырда басталады. Ал, мамырдың 31-нен 1-маусымға қараған түні халқымыз қасиетті Қадір түнін қарсы алатын болмақ.  Ұлық мерекеміз – Ораза айты биыл 5-маусымға дөп келіп отыр.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін