Астана: «Ырыскелді қажы» мешітінде Құран жарысы өтті (ФОТО)

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Елордамыздағы «Ырыскелді қажы» мешітінде Құран жарысы болып өтті. Мешіттегі діни сауат ашу курсының бағдарламасын тәмамдап, бүгінде Құран сүрелерін өздігімен оқи алатындай дәрежеге жеткен шәкірттер арасындағы Құран жарысы олардың осы кезге дейін алған білімдерін сарапқа салып, нәтижесін танытқан үлкен сынақ болды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде  «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Яхия Абдоллаұлы, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтар ізгі тілектерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

15-ке жуық үміткер қатысқан Құран жарысына республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев, «Астана» медресесінің ұстазы Әли Абдусамиғ Әли, «Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы Рашид Алпысбаевтар төрелік жасап, жүзден жүйрігін анықтауға тырысты.

Әділқазылар сұрақтарынан мүдірмей өтіп, жаттау қабілеті мен қырағаты бойынша қапысыз дайындық танытқан қатысушыларға жүлделі орындар беріліп, арнайы «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Атап айтсақ, Абсадық Сағидолла мен Мұратов Бекзатқа «ынталандыру» сыйлығы беріліп, 10 000 теңгелік сертификат табысталды. Ал, жүлде қоры 20 000 теңге болатын ІІІ-орынға Ордабеков Азиз ие болса, II-орын жүлдегері Жанайдаров Әділге 30 000 теңгенің сертификаты бұйырды. Құран жарысының бас жүлдесі (жүлде қоры 50 000 теңге) Тұрғали Дастанға берілді.

Сайыс соңында қатысушылар мен қонақтарға, мешіт жамағатына арнайы дастархан жайылып, Құран жарысының жалғасы берекелі отырыспен аяқталды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін