Нұр-Сұлтан: «Қайырымды шаңырақ» атты отбасылық челлендж басталды

«Нұр Астана» мешітінде Рамазан айында «Қайырымды шаңырақ» атты отбасылық марафон ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы бері қоғамда «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ата дәстүрі де жанданып келеді. Бүгінгі таңда қайырымдылық шараларының әр алуан форматта өтіп жатқаны соның айқын көрінісі. Ал, ел мешіттері бұл ізгі мұрат жолында әрдайым дәстүрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. «Нұр Астана» мешіті де бір игі шараны қолға алып отыр. Қоғамның жүгін жеңілдетіп, азаматтар арасындағы береке-бірлікті арттыру мақсатында «Қайырымды шаңырақ» атты отбасылық марафон басталды.

Бұл марафонның мұраты ұрпаққа үлгі көрсетіп, әрбір отбасына жылулық пен мейірім жеткізу. Яғни, қайырымдылық марафоны аясында белгілі бір отбасы толық құрамда (ата-ана бала-шағасымен) атсалыса отырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасына қол ұшын береді. Сол арқылы өскелең ұрпақтың көкейіне ел қамын, ұлт қамын ойлайтын патриоттық сезімді ұялатумен бірге мұқтаж отбасылардың қажетін өтеу болып табылады. Сондай-ақ, көмек көрсеткен отбасы челленджді келесі отбасына жолдайды.


 

Аталған шараға қатысу шарттары төмендегідей:

Отбасы мүшелері толық қатысуы керек
Көмек азық-түлік немесе қаржылай көрсетіледі
Көрсетілетін көмектің көлемі ең кемі 1 айға жететіндей мөлшерде болуы керек
Көмек көрсету барысында мешіт өкілінің қатысуы міндетті
Жәрдем қабылдаған отбасының суретін олардың келісімінсіз жариялауға болмайды
Көмек көрсеткен отбасы тізгінді келесі бір танысына жолдауы тиіс

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін