БҚО: Аудандық мешітте тұрақты ауызашар ұйымдастырылуда

Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы мешітінің бас имамы Қанат Жакенов Бөрлі ауылында болып, мешіт жамағатымен кездесті. Кездесуде бас имам Қанат Жакенов оразаның пайдасы турасында уағыз айтты.

Бас имам: «Оразаның пайдасы өте көп. Соның бірі адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке баулиды. Өйткені күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей төзіп бағады. Өзіне жамандық жасағандарға «Мен оразамын» деп жауап беріп, төзімділікпен мінез-құлқын түзейді. Ораза ұстап аш жүрген адамның сабыр сақтауы көп қиындық туғызбайды. Аяқ асты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір» – дейді.

Айта кету керек, Рамазан айында Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы мешітінің асханасында күніге 120 адамға ауызашар ұйымдастырылады. Оған аудандық кәсіпкерлер, мешіт жамағаты демеушілік жасауда. Сонымен қатар, оразаның алғашқы күнінен бастап «Тегін такси» акциясы өтуде. Акция аясында қасиетті айда ерікті жамағаттың қолдауымен бес жеңіл көлік аялдамадағы адамдарды керек жеріне дейін тегін жеткізуде. Сонымен қатар мешіт жанынан «Берекелі жамағат» атты қайырымдылық қоры жұмыс жасайды.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін