Ақтөбеде мұқтаждарға қаржылай көмек берілді

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жалпы жұртшылықты рамазан айында қайырымдылық шараларын көптеп өткізіп, жақсылық жасауға шақырған еді. Бұл бағытта Ақтөбе өкілдігі Оразаның алғашқы күнінен бастап, әр түрлі шараларды ұйымдастыруда. Осы мақсатта кеше "Нұр Ғасыр" мешітінде 50-ге жуық мұқтаж жанға қаржылай көмек ретінде 2 миллион теңге берілді. Қайырымдылық шарасын ашқан бас имам Төлеби Оспан зекеттің маңызы мен ораза айында мешітте атқарылып жатқан игі істерге тоқталып өтті.

«Рамазан – қайырымдылық пен жомарттықтың айы. Жақсылықта жарысатын ай. Әртүрлі санаттағы қалталы азаматтар Рамазан айында зекет беріп, бес парызының бірін орындауға тырысып жатыр. Ораза қандай парыз болса, зекет те сондай парыз. Алла қабыл етсін",- деді өкіл имам.

Мұқтаждарға көмек қолын созып, елдің алғысына бөленгендердің бірі – Хромтау ауданының Табантал ауылындағы «Айжарық» шаруа қожалығын басқаратын кәсіпкер Қажымұқан Тыныштықұлы болса, енді бірі – Темір ауданы, Ақсай ауылындағы мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалықтың иесі Елтай Ғаббасұлы.

Бұл жолғы қаржылай көмек алғандардың қатарында «Ақтөбе» медресе колледжінің биылғы оқу бітіруші 17 түлегі де бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін өткен аптада Ардақ Садақбайұлы есімді ақтөбелік кәсіпкер 40 адамға 1 миллион теңгеге дейін зекетін үлестіріп, 120 адамға азық-түлік таратқан болатын.

     

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін