ШҚО: Аймақ әкімі ауызашар берді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыстық «Халифа Алтай» мешітінде болып, мешіттің хал-ахуалымен танысты. Сонымен қатар мешітте ашылатын «Ислам мәдениеті» мұражайынның жұмыс барысын көріп, осы бағытта өкіл имам Ермек Қасболатұлымен пікір алмасты.

«Бүгінде Халифа Алтай мешітінде мұражайға жәдігер жинау акциясы қарқынды жүріп жатыр. Бұл іске қарапайым халық пен діни қызметкерлер белсенді қатысуда» деп атап өтті өкіл имам.

Имамдармен кездесуде аймақ басшысы биыл Семей қаласындағы Қос мұнаралы мешітке күрделі жөндеу жүрілетіндігін айтып өтті.

Бұдан соң облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық «Халифа Алтай» мешітінде ауызашар берді. Берекелі дастарханға ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы Ермек Қасболатұлы, Семей өңірінің өкіл имамы Мақсат Алтыбай және аудан, қала имамдары мен аудан әкімдері, өңірдегі басқа да діни бірлестіктердің жетекшілері мен ақсақалдар қатысты.

Дастархан басында өкіл имам бабаларымызға арнап Құран бағыштап, елімізге тыныштық, бейбітшілік тіледі.

«Қасиетті Рамазан айы ұлттар мен ұлыстарды бірлікке, берекеге ұйыстыратындығымен ерекшеленеді. Қасиетті айда қайырымдылық жасау да аса сауапты. Қасиетті Рамазан айында халқымызға бірлік пен береке, елімізге тыныштық тілейміз, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын»,- деп облыс әкімі өзінің ақжарма тілегін жеткізді.

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін