Қызылорда: «Сыр жастары жарысады» байқауының жүлдегері умраға барады

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткізілген «Сыр Жастары жарысады» облыстық умра байқауының жеңімпазы анықталды.

«2019 – Жастар жылының» құрметіне орай ұйымдастырылған сайыстың басты мақсаты – жанашырлық танытып, мейірімділік пен ізгілікті насихаттау үшін қаражат қажет еместігін түсіндіру.

І- «Мен бұл ұтысқа не үшін лайықтымын?» тақырыбында жазба;

ІІ- «Қаражатсыз садақа» тақырыбында видеоролик;

ІІІ- Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу кезеңдері бойынша сайысқа түскен 18-30 жас аралығындағы 30-дан астам үміткерлер арасынан барлық шарттарды толық орындап, үздік танылғандарды Өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы қасиетті Қадір түнінде барша жамағаттың алдында марапаттады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша байқаудың жүлдегері деп танылған Базарбеков Абдуләзиз жарыстың бас жүлдесі - кіші қажылыққа жолдаманы қанжығасына байласа, «Қаражатсыз садақа» тақырыбында түсірілген үздік видеоролик авторы Әлі Темірланға 30000 тг қаржылай сыйлық табысталды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін