Түркістан: Көпбалалы анаға пәтер кілті табысталды

Ораза айтының алғашқы күні Фатима Әліпбай есімді көп балалы анаға ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі - пәтерге» акциясының аясында баспана берілді. Пәтер кілтін тапсыру рәсіміне наиб мүфти Алау Әділбаев арнайы қатысты. Айт намазына жиылған жұртшылықты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан құттықтады.

Сондай-ақ  облыстық мешітте Айт намазынан соң мерекелік шара ұйымдастырылды. Киіз үй тігіліп, меймандарға айттық дастархан жайылды. Балалар тоғызқұмалақ, қазақша күрес, арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Кешкісін бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара тағы өтеді.

Айта кетелік, «Ел үлесі - пәтерге» жобасының арқасында бір аптада Түркістан облысынан 4 отбасы баспаналы болды. Көпшіліктің көмегімен бұл үйлер комиссия тексеруінен кейін, көп балалы, асыраушысынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік әлеуеті төмен отбасыларға беріліп келеді.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін