Павлодардағы Ораза айт мерекесі

Ораза айттың алғашқы күні орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің кең ауласында қалалық «Ақмешіт», «Ғазиз», «Әбу Бәкір Сыддық», «Бижан», «Ар-Рахман», «Умар әл-фаруқ» мешіттері бірлесіп ұйымдастырған  «Ораза айт - берекелі мереке» атты рухани-спорттық шаралар сағат 14.00- 18.00-ге дейін жалғасты.

Өкіл имам Жолдас Қоспақұлы: "Оразадан кейін сүйіншілеп келген Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткен мұсылман қауымына отбастарына  амандық, ел іргесі берік, Тәуелсіз Қазақ елінің өркендеп өсуіне Жаратқаннан тілеген дұғаларыңыз қабыл, ынтымақ пен береке бастауы болған Ораза айт құтты болсын!" – деп тілегін арнады. 

Өкіл имам өзінің ақжарма тілектерінен соң, мешіттің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, барша жамағатты мешіт алаңына шақырды.

Жастар арасына  дәстүрлі қазақ күресі, арқан тарту, қол күрестіру, гир көтеру қатарлы спорттық ойын-шаралары ұйымдастырылса, жасөспірімдер мен балдырғандар арасына мешіт ұстаздары Құран жарысы, көңілді старт, викторина, өлең-тақпақтар мәнерлеп оқу, тоғызқұмалақ  қатарлы  әртүрлі ұлттық ойындармен қатар иләһи ән-күй бәсекелерін қыздырды. Дәстүрлі «Қайырымдылық жәрмеңкесі» де бұл бәсекеден қалған жоқ.

Аламанда оза шапқан команда мен  жеке жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат жасалып, марапаттар табыс етілсе, әрбір  іс-шараға қатысқан барлық бүлдіршіндерге арнап алған 1 миллион теңгенің ойыншықтары мен сыйлық кітаптары үлестірілді.

Осы орайда, айт мерекесімен құттықтау үшін қаладағы «Самал» сауықтыру орталығында тәрбиеленіп жатқан 20 бала арнайы дайындалған дастарханнан дәм татып, жеке сый-сияпаттарға кенелсе, «Қолдан қолға!» акциясы аясында қайырымдылық қызметі де демеушілер арқылы 30 отбасына азық-түлікпен көмек берді.

Бұл шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтуіне жас жамағат арасынан жасақталған «Еріктілер тобы» ерекше үлес қосты.

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін