Ақтөбе имамдары Рамазан айын қорытындылады

Жақында Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өңірдегі дін саласының қызметкерлері бас қосты. Асыл дінімізге қызмет етіп жүрген әріптестерінің жиынын ашқан өкіл имам Төлеби қажы Оспан күні кеше қимастықпен шығарып салған қасиетті Рамазан айының қорытындысын шығарып, алда тұрған міндеттерді саралады.

«Рамазан айында Ақтөбе жұртшылығының жақсылықта жарысқанына куә болдық. Бас мүфти бастамасына сай, «Нұр Ғасыр» мешіті алаңынан «Рамазан керуені» шеру тартып, аз қамтылған отбасыларға тиісінше қаржылай және азық-түлікпен көмек берілді. Бір ғана облыстық мешітте 4 миллион теңге көлемінде зекет жиналып, 120 мұқтаж адамға таратылды. Осындай игі шаралар қала, аудан мешіттерінде жалғасын тапты. Ораза айындағы қызметіңізді Алла сауапқа жазсын, бәріңізге алғыс айтамын!», - деді Т.Дәділұлы. 

Басқосуда имамдардың қатары 18 жас маманмен толығып, саны 125-ке жеткендігі атап өтілді. Имамдарға «Зекет» қорының өкілі, «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз хатшысы, жастар ісі жөніндегі жауапты тұлға таныстырылып, Мүфтияттың өкілдік алдына қойған тапсырмаларын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесі қозғалды.

Еске сала кетейік, діни басқарма тапсырмасына сәйкес, Рамазан құрметіне арналған іс-шаралар бірнеше бағытта жүргізілді. ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің жоспары бойынша, бұл айда өңірімізде ізгі де игілікті істер өркен жайды. «Нұр-Ғасыр» мешіті Рамазан айын жоғары деңгейде атап өту мақсатында бірқатар игі іс-шараларды атқарды. Ұжым жиналысы өтіп, әр салаға жауапты адамдар белгіленді. Өкіл имамның БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтіп, жергілікті әкімдіктер мен мекемелерге Бас мүфти атынан құттықтау хаттары жолданды. Жамағатқа Ораза кестесімен бірге, «Ораза тағылымы» кітапшасы таратылды.

Рамазанда БАҚ-та жалпы 112 хабар мен жаңалық беріліп, жарияланды (nurgasyr.kz сайты – 47 жаңалық; muftyat.kz сайты – 16 хабар; республикалық «Ислам және өркениет», облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник», «Керек.Info», «Диапазон» газеттерінде – 20 мақала; аудандық газеттерде – 10 мақала; «Қазақстан-Ақтөбе», «31 арна», «Астана», «РИКА ТВ» телеарналарында – 18 телехабар; «Тандем» радиосында – 1 сұхбат).

Өңірде мешіт имамдары мен дін қызметкерлерінің, ондық алқа мүшелерінің басқосулары өтті. Мешіттердің іші-сыртында сенбіліктер жүргізіліп, тал-теректер мен гүлдер  отырғызылды. 23 киіз үй тігіліп, Оразаға қатысты әртүрлі форматтағы 200-ден астам көрнекілік пен баннерлер ілінді.

Облыста жомарт жандардың, кәсіпкерлердің жәрдемімен мұқтаж жандарға 5 миллионнан астам теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. 1000-ға жуық отбасыға жәрдем ретінде азық-түлік таратылып, құрылыс материалдары берілді.

19 мешітте 25 қари Құран хатым түсірді. «Нұр Ғасыр» мешітінде Құран хатым түсірген Әлменов Бекжан қариға, кәсіпкер Б.Ержанов 3.5 миллион теңге тұратын «Mazda CX-7» автокөлігін сыйға тарту етті.

Қасиетті Рамазан айында халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен барша мешіт қызметкерлеріне шынайы алғыс білдіреміз! 

 

 

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін