ШҚО: «Ақсақалдарының III форумы» өтті

Қасиетті жұма күні ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы «Ырғызбай Досханұлы тарихи-этнографиялық кешенінде» «Ақсақалдар институты: имандылық бастауы атты Шығыс Қазақстан облысы ақсақалдарының III форумы» болып өтті.

Алқалы шараға өңір ақсақалдары, имамдар, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек Қасболатұлы жыл сайын өтетін дәстүрлі форумның қоғам сұранысына жауап беретін өзекті мәселелерді талқылайтын алаңға айналғандығын айта келе: «Дінімізде үлкен адамдарда берекет бар деген тағылым бар. Қазақ баласы ежелден абыз атадан бата алып, үлкенді сыйлап, аузы дуалы қарияның пәтуалы сөзіне тоқтаған. Қазіргі таңда ауыл, аудан, облыс болып ақсақалдар институтын жетілдіріп, салт-дәстүрге және тәлім-тәрбие, тәртіпке қатысты түйткілді шаруаларды ақсақалдардың қатысуымен реттелсе рухани жаңғыру аясында үлкен дәстүрлі тәлімдік сабақтастық қалыптасады",- деп атап өтті.

Сонымен қатар осы бағытта өкілдіктен атқарылып жатқан шаралар мен игі бастамалар жайлы айтып өтті. Жиында Тарбағатай ауданы әкімі С.Сәдуақасов құттықтау сөз сөйлеп, форумға жоғары баға бере отырып, осындай рухани маңызды зор істерді бірлесе атқаруға ниетті екендігін жеткізді.

Форумға арнайы қатысқан облыстық «Ақсақалдар алқасының» мүшелері М.Мұхамеджанов, Т.Түсіпов және Шемонаиха ауданының бас имамы И.Еркінбайұлы, «Шығыс Қазақстан облыстық қажылар қауымдастығының» төрағасы Б.Мурсалимовтар баяндама жасап, форумның маңызына тоқталды. Құнды пікір-ұсыныстарын ортаға салды. 

Шараға қатысқан елімізге танымал ғалым, тарихшы, дінтанушы-теолог Мұхан Исахан ақсақалдар институты елімізде қолға алынған бітімгершілікті дамытуда басты маңызға ие екендігін жеткізіп, осы форумды барлық өңірлер қолдап өткізсе, рухани, тәлімдік маңызы зор нәтиже береді деп атап өтті. Ақсақалдар форумында облыс халқына арнап үндеу жолданды.

Форумға қатысқан барлық қарияларға Тарбағатай ауданы әкімдігі құрмет көрсетіп, шапан жауып, ас берді. Еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін дұға жасалды.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін