Павлодарлық қасапшыларға оқу-семинары өтті

Павлодар орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде “Қасапшылық сауапты һәм жауапты іс” атты оқу-семинары өтті. Семинарда өкіл имам Жолдас Қоспақұлы ҚМДБ “Халал даму” ЖШС-ның Павлодар облысындағы өкілі Какенов Қазыбек және Темірғалиев Серіктер қала, аудан, ауыл мешіттерінен арнайы жіберілген 17 қасапшыға сабақ үйретті.

Дәріс барысында өкіл имам сөз сөйлеп, қасапшылықтың үлкен жауапты іс екенін түсіндіріп, насихатын айтты. Ал Какенов Қазыбек өз кезегінде малды адалдаудың шариғат жолымен жасалынатын тәртіптерін түсіндіріп, қасапшылардың сұрақтарына жауап берді. Қасапшыларға малды бауыздау рәсімінің шариғатымызда алатын орны жайында, бұл істің қазіргі таңда аса маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін игі қызмет екендігі түсіндірді.

«Күллі мұсылман қауымы қасиетті рамазан айынан кейін құрбан айтты асыға күтеді. Құрбан айт мерекесінің ауқымы жылдан-жылға ұлғайып, дәстүрлі дін құндылықтарына халықтың сұранысы мен ықылас-пейілі артып келеді. Санаулы күннен соң келетін мүбәрак мерекеде құрбан шалғысы келетін қала тұрғындарына кәсіби тұрғыда қызмет қылу – сіздерге жүктелген аманат. Айтулы күндері құрбандық малын шариғи шарттарын сақтай отырып союға аса үлкен мән берілуі керек», – деп өкіл имам Жолдас Қоспақұлы қасапшыларға өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Семинарда арнайы бейнероликтер арқылы дәрістер жүргізілді. Мешіт тарапынан семинарға қатысқан қасапшыларға алғыс айтылып, «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты оқу-семинарын тәмәмдағандығын растайтын сертификат табысталды.

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін