Елдегі барлық этномәдени бірлестіктер арыстықтарға қол ұшын созуда

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Арыстағы жарылыстан қаза болған 3 адамның отбасына Ассамблея атынан көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде болған қайғылы жайдайға байланысты Түркістан облысының жұртына, оның ішінде Арыс қаласының тұрғындарына, төтенше жағдайдан көз жұмған 3 адамның отбасына Қазақстан халқы Ассамбелясының атынан көңіл айтамын. Оқиға болған 24 маусымның түс кезінде-ақ ҚХА шұғыл штаб құрып, көмек ұйымдастыра бастады», - деді Жансейіт Түймебаев бүгін Нұр-Сұлтан қалалық ҚХА сессиясында.

Ол сондай-ақ елдегі барлық этномәдени құрылымдардан бүгінге дейін тек қаржылай көмек ретінде 50 млн теңге аударылғанын атап өтті. «Көмектің көбін ақшалай жинап жатырмыз. Елдегі барлық өңірлерден Ассамблея бірлестіктері жинаған көмек керуендері дайындалуда. Мысалы, Оралдан - 30 тонна, Қарағандыдан - 20 тонна, Нұр-Сұлтан қаласынан 22 тонна заттай көмек жіберілді.  24 маусым күні Түркістан облысындағы түрік, әзербайжан, кәріс, өзбек этномәдени бірлестіктері апат ауыртпалығын жеңілдетуге барынша күш салды. Солардың күшімен 600 адамға уақытша баспана дайындалды. Өзбек этномәдени бірлестігі апат күні - 1000 адамға, әзербайжан орталығы 500 адамға тамақ ұйымдастырды», - деді ол.





© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін