Маңғыстау: Наиб муфти жастармен кездесті

Маңғыстау облысына арнайы іс сапармен келген ҚМДБ – ның төраға орынбасары, наиб муфти Әділбаев Алау Шайқымұлы «Ислам және жастар» жылы аясында «Достық үйінде» жастармен кездесті.

Дін және жастар тақырыбында өткен кездесуге сонымен қатар ҚМДБ – ның Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайыл Сейтбеков және Маңғыстау облысының дін істері басқармасының басшысы Ерлан Есбергенов болды.

Шараға имамдар мен теологтар, қалалық және аудандық ТҚК өкілдері, ақпараттық - түсіндіру топтарының мүшелері және ішкі саясат басқармасының қызметкерлері қатысты.

Жиында наиб муфти: «Жастардың дінге бет бұруы қуантарлық жағдай, дегенмен шет ел асып оқимын деген жастарға өз елімізде оқуға шақырамыз, ол үшін барлық мүмкіншілікті жасап отырмыз. Шет елде оқыған жастар қанша дегенмен сол елдің минталитетін бойына сіңіріп, кейбірі басқа ағымдарға еріп кетіп жатады», - дей келе еліміздегі Нұр-Мүбарак университетін, қарилар дайындау орталықтары мен медреселерді атап шықты. Сонымен қатар жиналыста ҚМДБ – ның атқарылып жатқан жұмыс бағыттары әсіресе Халал стандарттау және Шариғат және пәтуа бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарының маңызды тұстары айтылды.

Жиын соңында қатысушылар шариғатқа байланысты сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

 

© 2009-2020, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін