Қызылорда: «Имани жаз» бүлдіршіндеріне сертификат табысталды

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетті.

Бағдарламаға сәйкес, балалар мінез-құлық, әдеп бойынша сабақ алып, қысқа сүрелер мен дұғаларды, «Исламдағы 100 сұрақ» кітапшасын жаттады. Сонымен қатар, балаларға «Отанды сүю», «ата-ананы разы ету», «білім алу» секілді тақырыптар аясында танымдық ақпараттар беріліп, насихат айтылды. Қызылорда қаласы бойынша жалпы саны 70-тен астам бала жазғы сауат ашу курсына қатысқан.

Курстың соңғы күнінде қыз балалар ұстаздары мен ата-аналарының алдында үйренген дұғаларын жатқа айтудан жарысты. Шара соңында «Әйелдер-қыздар» секторы тарапынан тағайындалған ынталандыру сыйлықтары таратылды.

Бұдан кейін облыстың  бас мешіті «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өткен салтанатты шарада ҚМДБ-ның Сыр өңірі бойынша өкіл имамы Болатбек Ұласқанұлы «Имани жаз» курсының қатысушыларын құттықтап, сертификат табыстады.

Шара соңы мешіт жанындағы асханада жалғасып, балаларға тәттілер ұсынылды.

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін