АЛМАТЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІ ОҚУШЫЛАРҒА СЫЙЛЫҚ ЖАСАДЫ

Алматыда «Ислам және отбасы» жылы бастамасына орай «Мектеп сөмкесі» акциясы ұйымдастырылды. Игі шараға бас имам Еркінбек Шоқай, Алматы қаласы дін істері басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, «Үммет» қайырымдылық қорының басшысы Мұхаммедәмин Құрманәли қатысып, тілектерін айтты.

«Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бастамасымен 2018 «Ислам және отбасы» жылы болып жарияланған болатын. Осы бастама аясында атқарылатын шаралардың бірі – қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастыру. Наурыз мерекесіне орай жасалған қайырымдылық шарасы алдағы уақытта қала мешіттерінде жалғаса бермек. Мұсылман адам бауырмал болу керек. Бауыр болу үшін бір анадан туылудың қажеті жоқ. Бауырмал адамның бойында мейірімділік пен сүйіспеншілік секілді ізгі қасиеттер тұнып тұрады. Осы қасиетті сіздердің де бойларыңыздан көргіміз келеді», – деген тілегін жеткізді Еркінбек Шоқай.

«Мектеп сөмкесі» акциясында Алматы орталық мешіті мен «Уақып» қайырымдылық қоры, «Үммет» қайырымдылық қорының демеушілігімен 250 отбасыға көмек көрсетілді. Игі шарада бүлдіршіндерге мектеп сөмкесі мен жаздық киім-кешек тарту етілді.

Ғибрат пен тағылымға толы тілегін жеткізген Ардақ Назаров жас ұрпақтың заманға лайықты азамат болу үшін білекті де, білімді болу керек екенін айтты.

«Ата-бабамыздың аманаты мен бүгінгі тәуелсіздігіміздің дамуына үлес қосу баршамыздың борышымыз. Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Еліміздің жарқын болшағына сіздер үлес қосасыздар.  Ол үшін білекті де, білімді болуыңыз керек», – деді  Ардақ Назаров.

Қайырымдылық шарасына қатысқан ата-аналар осындай игі іске мұрындық болған азаматтарға алғыс айтып, батасын берді.

«Алматы орталық мешітінде өтетін қайырымдылық шарасына үнемі қатысып тұрамыз. 4 балам болғандықтан барлығын киім-кешек, мектеп құралдарымен қамтамасыз ету қиынға соғады. Осындай шаралар бізге үлкен көмек, демеу беріп келеді. Игі іске бастамашы болған барша азаматтарға алғыс білдіремін», – деді шараға қатысқан Баян Өмірәлиева.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін