АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА «ЖАНАЗА ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕРІ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

Алматы қаласында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кеңейтілген діни семинар өтті. Жиынға ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат сектор меңгерушісі Ғалым Нұрмағанбетұлы Шойкин, бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министірлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Мейрам Өткелбайұлы Иманбаев, Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай және қала имамдары қатысты. 

Семинар барысында бүгінгі қоғамдағы дін және руханият мәселелер қаралып, жаназа және жерлеу рәсімдеріне қатысты жайттарды қоғамға дұрыс жеткізу, түсіндіру, насихаттау жұмыстарын талқылады. Сонымен қатар, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діннің насихаты даналықпен көркейетінін еске салды. Діни мәселелерді жеткізу жұмсақтық, кішіпейілдік, ізеттілік сияқты көркем сипаттарды үлгі ету, қаперде ұстау арқылы іске асатынын айтты.

«Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы Ғұламалар кеңесінде 2 жыл қаралып, мұқият дайындалды. Кітапта жаназа, жерлеу мәселелеріне қатысты барлық үкімдер жан-жақты қаралып топтастырылды. Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы тамақ пен садақа беру мәселелеріне қатысты үкім берілмес бұрын әр өңірдің ерекшелігі ескерілді. Бұл кітапты шығарудағы мақсат- еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу», – деді наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жиын барысында ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат сектор меңгерушісі Ғалым Нұрмағанбетұлы, ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министірлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Мейрам Өткелбайұлы өз ұсыныстарын айтып, пікірлерімен бөлісті. Сөз кезегін алған бас имам Еркінбек Шоқай Алматы қаласындағы діни мәселелер туралы қысқаша баяндама жасап,  имамдардың білімін жетілдіруге және олардың заман талабына сай болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтып берді.

«Имамдардың білімі мен тәжірибесін жүйелі түрде дамытуға мүдделіміз. Себебі, діни қызметкерлер заман талабына сай болуы тиіс. Олардың үнемі діни және зайырлы қоғам ілімдерін оқып, өзін-өзі жетілдіріп отыруын талап етеміз. Алдағы уақытта Алматы қаласы бойынша Бас мүфтидің бұйрығымен әр мешітке бір қариды қызметке алуды жоспарлап отырмыз. Діни ақпарат мәселесін жүйелеу мақсатында «журналисттер клубы» жұмыс жасайтын болады. Онда журналистерді діни сауаттандыру, жазуға қабілеті бар дін қызметкерлеріне жазу мәдениетін үйрететін боламыз», – деп атап өтті бас имам Еркінбек Шоқай.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін