ҚМДБ: РЕСЕЙДІҢ САРАТОВ ОБЛЫСЫМЕН ОРТАҚ МЕМОРАНДУМ ҚАБЫЛДАНДЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астана қаласында Ресейдің Саратов облысының мүфтиі Мукаддас Бибарсовпен кездесті.

Мукаддас Аббасұлы Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлын жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына береке тіледі. Мәртебелі мейман Астанада өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы туралы пікірін білдірді. «Сіздің бастамаңызбен өткен халықаралық форум Еуразия кеңістігіндегі мұсылман ғұламалары мен мүфтилерін ортақ мақсатқа үндеді. Біз бәріміз бірігіп бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап беруіміз керек. Бұл ретте Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы біз үшін үлкен алаң бола алады», – деді Ресейдің Саратов облысының мүфтиі Мукаддас Бибарсов.

Өз кезегінде ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз форумды тұрақты өткізіп тұру қажеттігін сөз етті.       

Кездесуде Саратов аймағының байырғы мұсылман халықтары – татар мен қазақтың дәстүрлі діни құндылықтарын нығайту мәселесі талқыланды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруды көздейтін ортақ меморандум қабылданды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін