Ресейдің Саратов ОМДБ Нұр-Мүбарак университетіне жіберетін талапкерлерді таңдады

Ресей мүфтилер Кеңесінің Тең төрағасы Муқаддас Бибарсов мырзаның басшылығымен Саратов облыстық мұсылмандары діни басқармасында Нұр-Мүбарак университетіне жіберілетін талапкерлерге іріктеу жасалды.

ОМДБ-ның Білім жөніндегі Кеңес отырысында 6 талапкердің білімдері сарапқа түсті. Олардың діни ілімімен қатар Ресей тарихы мен орыс әдебиетінен де сауаттылықтары сараланды. Нәтижесінде сыннан өткен үш үміткерге  Саратов облысының мүфтиі хазрет Мукаддас Бибарсов қоғам алдындағы жауапкершіліктің де маңызын түсіндіріп өтті. Яғни Нұр-Мүбарак университетіне үміттерін үкілеп келетін талапкерлер білім алып, оны ел игілігіне, туған өлкенің имандылығын арттыруға жұмсау керек деп түсіндірді. Ал сыннан өтпеген талапкерлерге Бас мүфти ешқандай көңілдерін түсірмей, білім жолында өздерін шыңдай түсуге кеңес берді.

Ресей Федерациясының Саратов облыстық мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Муқаддас Бибарсов бастаған делегация Нұр-Мүбарак университетіне арнайы келген болатын. Ресми сапар барысында қос тарап екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Енді осы келісім аясында саратовтық мұсылмандар атынан үш талапкер Нұр-Мүбаракта білім алу үшін жазғы қабылдау науқанына бел буып отыр. Бұл жөнінде облыстық діни басқарманың баспасөз қызметі www.dumso.ru сайтында хабарлады.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін