ҚМДБ Жастар ісі бөлімінің жылдық қорытынды жиналысы өтті (ФОТО)

22 қараша Астана қаласында ҚМДБ Жастар ісі бөлімінің жылдық қорытынды жиналысы болып өтті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қатысуымен өткен алқалы жиынға еліміздегі 18 өкілдіктің қызметкерлері қатысып, 2016 жылы өңірлерде атқарылған ауқымды шаралар есебін ұсынды.

Осыдан үш жыл бұрын ашылған Жастар ісі бөлімі бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, егеменді еліміздің ертеңі болатын жастар тәрбиесіне айтарлықтай оң ықпалын тигізіп келеді. Жастар арасында имандылықты насихаттап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған түрлі кездесулер мен спорттық сайыстар, оқу ордаларындағы өткізіліп келе жатқан дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстарының саны мен сапасының арта түсуі – осының айқын дәлелі. 

Жұмыс барысын жылдан-жылға дамытып келе жатқан Жастар ісі бөлімінің биылғы жиналысы да өзгеше болып өтті. Әрбір өкілдіктегі атқарылған іс-шаралар есебі құжат түрінде тапсырылуымен қатар, арнайы экран арқылы видеоролик есебінде көрсетілді. Жиналыс соңында өкілдік қызметкерлерінің талап-ұсыныстары тыңдалып, келер жылғы жоспарлары талқыланды. Бөлім меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы өз кезегінде өкілдік қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар жүктеп, жұмыс барысын жандандыру тетіктері жайлы кеңестерімен бөлісті.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы аталмыш жиынды қорытындылай келе барлық қатысқандарға оң бағасын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсетіп, жемісті қызмет атқарғандарға арнайы «Алғыс хат» табыстады.

© 2009-2017, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін