Тұңғыш рет Құранның қазақша түсіндірмесін жатқа білуден жарыс өтті (ФОТО)

Рамазан айының қарсаңында Ақтөбеде тұңғыш рет Құранның қазақша түсіндірмесін жатқа білуден жарыс өтті. Құран айының құрметіне өткен сайысты ҚМДБ-ның Әйелдер-қыздар секторының облыстағы өкілдігі ұйымдастырды.

«Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Диляром Бектаева діни сауат ашу курсының шәкірттерін «Раййан» және «Фирдаус» атты екі топқа бөліп, олардың Құран сабағында өткен ілімдерін таразылады. Төрешілер қатарында мешіт ұстазы Алтынай Исаева мен Сарыағаш медресе-колледжінің ІІ курс студенті Гүлбану да болды. Мешіттен тәжірибеден өтуге келген Гүлбану ұстаз ендігі шәкірттерге тәлім беріп, талап қылуда.

Алғашқы екі кезеңнің сұрақтары Құранның отызыншы парасы аясында қамтылды. Шәкірттер белгілі бір сүрені тәжуид ережесімен оқумен қатар қазақша түсіндірмесін де жатқа, жаңылмай айтуға міндеттелді. Ал үшінші кезеңде топтар намаз дұғаларын жатқа айтудан жарысты. Төрешілер тәжиуд ережесінің сақталуын ескере отырып, шәкірттерді оқу қырағаты, мақамы, әріптерді дұрыс дыбыстауларына қарай бағалады.

Ақтық кезең Құранның көлемді 10 сүресін оқудан өтті. Атап айтқанда, «Бақара», «Ясин», «Мүлік», «Рахман», «Уақиға», «Дұхан», «Жұма», «Жын», «Қиямет» және «Қалам» сүрелері қамтылды. Шәкірттер сүрелерді оқып, қазақша түсіндірмелерін де жатқа айтып берді. Олардың жылдам қол көтеріп, сұраққа жедел жауап беруі, жасырынған сүрені Құраннан оңай табу, аят санын ажырата білу секілді машықтықтары да ескерілді.

Тартысты өткен Құран сайысы шәкірттердің білімпаздығына куә етіп қана қоймай, олардың Құранға деген құрметі мен ықыласты ынтықтығын паш етті. Төрешілердің бағалауы бойынша қос топтың да ұпайы тең түсті. Ұстаздар қатысушылардың баршасына алғыс білдіріп, өкіл имамның атынан сыйлыққа кітаптар үлестірді. «Білім жолында үнемі талап қылушылардың қатарында болыңдар, алған ілімді амалға асыра біліңдер» деген тілектерін жеткізді.

Сайыс соңында көрермендермен сергіту сәті ұйымдастырылып, «Күнделікті діни сауалдарға жауап», «Ораза тағылымы» кітаптарының мазмұны бойынша сауалдар қойылды. Белсенділік танытқандар естелік сыйлықтарға ие болды. Шара соңында «Руханият» мұражайының қызметкерлері баршасына тәтті құрмадан ауыз тидіріп, басқосу дәм басында жалғасты.

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін