Өскемен өкілдігі халықаралық турнир өткізді (ФОТО)

Шет мемлекеттердегі мұсылман қандастарымызбен байланысты арттыру, бұқаралық спортты қолдау, бірлікті нығайту мақсатында ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында волейболдан халықаралық турнир болып өтті.

Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Монғолия құрама командалары қатысты. Сайыс аса тартысты, қызықты болып өтті. Бәсекені тамашалаушы көрермендердің қарасы мол болды.

Қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің командасы 1-орын, РФ Алтай Республикасының командасы 2-орынға ие болды. Сонымен қатар, «Өскемен орталық мешітімен», «Защита» мешіттерінің командалары жүлделі орындардан көрінді. Жүлдегерлер марапат және кубок, сыйлықтармен марапатталды. Турнирге Монғолия мемлекеті Баян-Өлгий аймағынан келген командаға өкілдіктің арнаулы сыйлығы табыс етілді.

«Сайысқа командалар аса белсенді қатысты. Ойын жоғарғы деңгейде өтті. Біз осындай жарыстарды үнемі өткізіп келеміз. Бұл бауырластықты қолдау»,- деді марапаттау рәсімінде Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.

Шараны ұйымдастырушыларға Ресей елінің Алтай Республикасының Бас мүфтиі Жанболат Оқтаубаев алғыс білдірді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін