ОҚО облыстық орталық мешітінде жергілікті уақыт бойынша сағат 06:30 да қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай мерекелік айт намазы оқылды. Дәстүр бойынша алдымен ОҚО өкіл имамы Бақтыбай Бейсенбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз хазреттің Ораза айтпен құттықтау сөзін жамағатқа оқып берді. Одан әрі уағыз айтып:
"Айт мерекесінің негізгі сәні, мұсылмандардың бір-бірін құттықтап жатуы, араздасқандар кешірім сұрап шын жүректеріменен татуласып жатуы, бір-біріне деген сый-құрметі ағайын. Ардақты пайғамбарымыз: "Аллаға иман келтіргеннен кейінгі абзал амал мұсылмандардың бір-біріне деген сый құрметі", - деген." Сондықтан құрметті жамағат құттықтайтын, сый-құрмет көрсететін, татуласатын қасиетті күн бұл",- деп бірлікке татулыққа шақырды. Намаздан соң Құран оқылып дұға жасалды. Халық бір-бірін құттықтап, амандық тілеп, араздасқандар бір-бірін кешіріп, өте жақсы да шарапатты күйде Ораза айт мейрамы басталып кетті.
Пікірлер