Қасиетті Рамазан айын құлшылықпен, абыроймен атқарып, мүбарак Ораза айт мейрамына да жеттік. Бұл мереке – мейірім мен махаббаттың, ізгілік пен имандылықтың, татулық пен бауырмалдықтың, кішіпейілділік пен кешірімнің салтанат құратын мерейлі мерзімі.
Бүгін облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6:30-да қасиетті Рамазан айының аяқталуына орай мерекелік Ораза айт намазы оқылды.
Мүбәрак Ораза айт намазына облыс әкімі Мырзахметов Асқар Исабекұлы да қатысып, барша мұсылмандарды ұлық мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Дәстүр бойынша, қасиетті Құран оқылып, орталық мешіттің бас имамы Данияр Жұмабаев Ораза айт мерекесінің қадір-қасиеті жөнінде және ысырап туралы уағыз айтып, жамағатты ауызбіршілікке және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қайырымдылық жасауға шақырды.
Қасиетті Ораза айт намазы оқылғаннан кейін, бас имам Данияр қажы Әлимұхамедұлының құтпа оқуымен жалғасты, артынша бас имам күллі мұсылман қауымының амандығы, еліміз бен жеріміздің тыныштығы үшін дұға жасап, артынан ардақты ақсақалдар батасын берді.
Мешіт ауласында жамағатқа айттық дастархан жайылып, тамақ таратылды.
Пікірлер