Тілдік нұсқа
Радио
СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ
1975 жылы  12-сәуірде дүниеге келген.  Білімі: 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық ...
Мысырдан хат: Көңілден шыққан сәтті сапар!
25 шілде, 2018 жыл 184 Басып шығару нұсқасы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мысыр Араб Республикасының «Әл-Әзһар» университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық келісіміне сәйкес, Қазақстан бойынша имамдар мен ұстаздардан құралған тоғыз дін қызметкері екі айлық білім жетілдіру курсына жол тарттық.

Шыққалы тұрған осы сапар алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Есмағанбет Нұрбек Әуесханұлы біздерге іс-сапарындағы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізді. Сонымен қатар, осы кезекті білім жетілдіру курсының маңызды тұстарын түсіндіре келе уақытымызды ұтымды меңгеріп аз уақыт ішінде керекті білім алуымызға келелі кеңестер беріп, сапарымызға ақ жол тілеп шығарып салды.

Каир қаласына келгеннен бастап біздерді ҚМДБ-ның қолдауымен келген «әл-Әзһар»-да оқып жатқан еліміздің студенттері шын пейілдерімен қарсы алды. Өзге елде өгейсітпей қажет жерімізге жеткізіп, Каирдың әрбір тұсын таныстырып қай кезде болмасын қажетімізден табылып отырған бауырларымызға алғысымызды ауызбен айтып жеткізу аз. Сондықтан да, ізгілікке жарысқан қандастарымызға арнап сапарлас бауырымыз, әрі Семей қаласындағы «Тасмешіті»-нің бас имамы Нұрбек Нәзерұлы ағамыз алғысын білдіріп, дастархан жайды. Дастархан үстінде Солтүстік Қазақстан облысы Орталық мешітінің наиб имамы Қасымхан Абдуллаұлы ағамыз студенттерге  елдің сәлемін жеткізіп, білікті мамандардың елге керек екенін айтып оқу жолдарына сәттілік тіледі.

Кезекті жоспардағы сабағымыз басталып, білікті ұстаздардың берген білім бұлағынан сусындадық. Келген әріптестерімізде бос уақыттарын зая жібермей Араб тілі, Құран, Фиқһ пәндерінен тереңдетіп сабақтар алуда. Осы орайда, бізді тәнті еткен жайт тамағымызбен-сусынымызды әзірлеп, күндіз-түні қызметімізде жүрген «әл-Әзһар» университетінің «әл-мәдинату әл-бахус әл-исламия»-дағы барша ұстаздар мен қызметкерлердің қонақжайлылығы мен дархан пейілдері көңілімізден шықты.

Еліміздің алға жылжып, дамуына барша жағдайды жасап, жастарымыздың білімдерін арттыруына да әкелік қамқорлық жасап отырған Елбасымызға қазақстандық жастардың атынан алғыс білдіргіміз келеді.

Сондай-ақ, осы сәтті сапарымызға себепкер болған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына және ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіретке алғысымызды білдіреміз. Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    Жоғары